Контрабанда – қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіретін қылмыстардың бірі. Көпшілік бұл әрекетті тек заңсыз тауар тасымалдау деп қабылдайды. Алайда оның салдары әлдеқайда ауқымды. Контрабанда салдарынан мемлекет қазынасына түсетін салық көлемі азаяды, адал кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келіп, заңсыз сауда айналымы көбейеді.
Менің ойымша, контрабандамен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, күмәнді тауарларды сатып алмауға және заңсыз әрекеттерге бейжай қарамауға тиіс. Заңды құрметтеу – қоғам алдындағы жауапкершіліктің белгісі.
Бүгінде мемлекет шекарадағы бақылауды күшейтіп, заңсыз тасымалдың алдын алуға бағытталған түрлі шараларды жүзеге асырып келеді. Дегенмен бұл жұмыстардың нәтижелі болуы халықтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық ұстанымына да байланысты. Егер қоғам заңсыздыққа төзбеушілік танытса, мұндай қылмыстардың саны да азаяды.
Арман Нәсіпкерейұлы
Аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары



