Қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі – заң үстемдігі мен тәртіптің сақталуы. Бұл қағида қай кезеңде де өз маңызын жойған емес. Бүгінгі таңда да «Заң мен тәртіп» ұғымы тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс маңызды құндылық ретінде қарастырылуда.
Заң – қоғамдағы қатынастарды реттейтін негізгі құрал. Ол әр адамның құқығы мен міндетін айқындай отырып, әділдік пен теңдіктің сақталуына жол ашады. Ал тәртіп – осы заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін күнделікті мінез-құлық нормаларының жиынтығы. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Заң бар жерде тәртіп орнайды, ал тәртіп сақталған жерде қоғамда сенім мен тұрақтылық қалыптасады. Қазіргі заманда құқықтық мәдениетті қалыптастыру – аса өзекті мәселе. Әсіресе жас ұрпақтың заңды құрметтеп, тәртіпті сақтай білуі – болашақтың берік іргетасы. Осы бағытта елімізде түрлі жобалар мен бастамалар жүзеге асырылып келеді. Олардың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеу. Заң мен тәртіпті сақтау тек жазадан қорқу емес, ол – саналы таңдау. Әр азамат өзінің әрекеті үшін жауапты екенін түсінгенде ғана құқықтық қоғам қалыптасады. Мысалы, жол ережесін сақтау, қоғамдық орындарда мәдениетті болу, өзгенің құқығына құрметпен қарау – бәрі де заң мен тәртіптің көрінісі.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ


