Қоғамда заңның күші туралы жиі айтамыз. Бірақ заңның шынайы күші қатаң жазада емес, адамдардың оған деген сенімінде жатыр. Егер азамат заңды қорқыныштан емес, әділеттің кепілі ретінде қабылдаса, онда құқықтық мемлекет туралы айтуға толық негіз болады. Өкінішке қарай, кейде заң бұзушылықты ұсақ нәрсе ретінде қабылдайтын көзқарас кездеседі. Қызыл шамға өтіп кету, қоғамдық орында тәртіп сақтамау немесе бөтеннің мүлкіне немқұрайлы қарау – мұның бәрі «ештеңе болмайды» деген түсініктен басталады. Ал дәл осындай ұсақ әрекеттер қоғамдағы құқықтық мәдениетті әлсіретеді. Заң мен тәртіп дегеніміз – полицияның немесе соттың ғана жұмысы емес. Бұл – әр адамның күнделікті таңдауы. Өзгенің құқығын құрметтеу, қоғамдық мүлікке жанашырлық таныту, өз міндетін адал орындау – құқықтық мемлекеттің көрінбейтін тіректері.
Әділ қоғам құру үшін заңдарды көбейту жеткіліксіз. Заңға деген сенімді күшейту қажет. Себебі сенім бар жерде жауапкершілік те болады, ал жауапкершілік бар жерде тәртіп табиғи құндылыққа айналады.
Сәуле Шуақбергенқызы, Жылыой ауданы тұрғыны



