Мас күйінде көлік жүргізу — қоғам үшін өте қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі.
Себебі көлік жүргізушісі алкогольдік ішімдік ішкен кезде өзінің әрекетін толық бақылауда ұстай алмайды. Оның жолдағы жағдайды дұрыс бағалауы, шешім қабылдауы және көлікке дер кезінде әрекет ету қабілеті төмендейді. Мұндай жағдайда жүргізушінің бір ғана қателігі ауыр жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін.
Менің пікірімше, көлік жүргізу — үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Жүргізуші көлікке отырған кезде тек өзінің қауіпсіздігі үшін емес, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және басқа да жүргізушілердің өмірі мен денсаулығы үшін жауап береді. Сондықтан алкоголь ішкен адам көлік жүргізбеуі керек. «Аз ғана ішімдік ішкен едім, көлік жүргізе аламын» деген ойдың өзі дұрыс емес деп есептеймін.
Мас күйінде көлік жүргізудің салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ол жол-көлік оқиғасына, адамның жарақат алуына немесе тіпті адам өліміне әкелуі ықтимал. Сонымен қатар жүргізуші көлік құралын зақымдап, басқа адамдардың мүлкіне зиян келтіруі мүмкін. Осындай жағдайдың алдын алу үшін әр адам өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы қажет.
Думан Мұратұлы
Аудандық мешіттің бас имамы



