Қоғамдық орындарда әр адамның өзін мәдениетті әрі әдепті ұстауы маңызды деп ойлаймын.
Себебі көшеде, саябақта, дүкенде, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орындарда біз тек өзіміз үшін емес, айналамыздағы адамдар үшін де жауаптымыз.
Өкінішке қарай, кейде болмашы жағдайға бола адамдар бір-бірімен сөзге келіп, дауыс көтеріп, балағат сөздер айтып жатады. Мұндай әрекет қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, айналадағы адамдардың көңіл-күйіне де кері әсер етеді.
Меніңше, кез келген түсініспеушілікті айқаймен немесе балағат сөзбен шешудің қажеті жоқ. Адам өз эмоциясын басқара білуі керек. Әсіресе қоғамдық жерде балалар мен қарттар, отбасымен жүрген адамдар болуы мүмкін. Сондықтан әркім өзінің сөзі мен әрекетіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Заң талаптарын сақтау да, ең алдымен, адамның өз мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады деп ойлаймын.
Қарлығаш Шығанақова
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы



