Еркіндік туралы сөз болғанда, көпшілік оны шектеудің жоқтығымен байланыстырады. Алайда нағыз еркіндік жауапкершілікпен қатар жүргенде ғана мәнге ие болады. Ал жауапкершіліктің қоғамдық көрінісі – тәртіп. Кейде тәртіпті талап ету еркіндікке қарсы қойылады. Бірақ шындық мүлде басқа. Жол қозғалысындағы ережелер, қоғамдық орындардағы мәдениет немесе заң талаптарын сақтау – адамның мүмкіндігін шектеу үшін емес, бәрінің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау үшін қажет. Заң үстемдік құрмаған жерде күш үстемдік етеді. Ал күшке сүйенген қоғамда әділеттің орны әлсірейді. Сондықтан құқықтық мемлекет әр азаматтың құқығын қорғайтын орта қалыптастыруға ұмтылады.
«Заң мен тәртіп» қағидасы тек құқық қорғау органдарының қызметімен өлшенбеуі керек. Оның табысы адамдардың өз еркімен заң талаптарын орындауынан көрінеді. Өйткені тәртіп сырттан таңылған міндет емес, ішкі мәдениетке айналғанда ғана тұрақты болады.
Шоқан Ізбасаров, Жылыой ауданы тұрғыны



