Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы ең алдымен заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуына тікелей байланысты.
Қай елде болмасын құқықтық мәдениет жоғары болса, сол қоғамда әділдік орнап, азаматтардың ертеңге деген сенімі нығая түседі. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты – жай ұран емес, ол мемлекет дамуының негізгі іргетасы. Заң – әрбір азаматтың құқығын қорғайтын, міндетін айқындайтын ортақ ереже. Ал тәртіп – сол заңның бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ететін қоғамдық мінез-құлық. Осы екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты. Егер заң сақталмаса, тәртіп бұзылады, ал тәртіпсіз қоғамда тұрақтылық болмайды. Бүгінде елімізде құқықтық мәдениетті арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, бұл тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес. Әрбір азамат өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтау арқылы ортақ қауіпсіздікке үлес қосуы тиіс.
Қоғамдағы тәртіптің сақталуы ең алдымен отбасынан басталады. Баланың бойына кішкентай кезінен бастап адалдық, жауапкершілік, заңға құрмет сияқты құндылықтар сіңірілсе, болашақта құқық бұзушылықтың алдын алуға үлкен негіз қаланады. Сонымен қатар мектеп пен қоғамдық ортада да құқықтық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ


