Тілсіз жау алдын алмағандарға өшігеді

 Өрт қатері жыл мезгіліне қарамай орын алуы мүмкін болғанымен, ауа температурасының жоғарылауы мен құрғақшылықтың артуына байланысты көктем және жаз айларында өрт оқиғалары жиілейтіні белгілі.

Осыған байланысты әрбір азамат, жеке тұрғын үй иелері, сондай-ақ түрлі мекемелер мен ғимараттардың басшылары өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тұрақты түрде бақылауда ұстауы тиіс. Жалпы статистикаға сүйенсек, ауданымызда өрт оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқан. Бұл  қала аумағының кеңеюі, тұрғын үйлер мен нысандар санының көбеюі, сонымен қатар әр адамның жауапкершілігінің де артқанын көрсетеді.Өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша тиісті қызмет өкілдері сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында үнемі ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, өкінішке қарай, оның нәтижесі әрдайым күткендегідей болмай отыр. Өрт  тілсіз жау, ол кейде болмашы ғана ұшқыннан басталып, үлкен апатқа ұласуы мүмкін. Жуырда ғана мейрамханалардың бірінде өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, өрттің өршуіне жол бермей, дер кезінде сөндірді. Соның арқасында ғимарат толық жанып кеткен жоқ, ең бастысы  адам шығыны болған жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Мұндай жағдайлар әрқашан сақтықтың маңызын еске салады.

Ғимараттардағы өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Ең алдымен электр желілерінің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру маңызды. Ескі, тозған немесе зақымдалған электр сымдары, сондай-ақ бір розеткаға шамадан тыс жүктеме түсіру  өрттің жиі кездесетін себептерінің бірі. Сонымен қатар әрбір мекеме мен тұрғын үйде өрт сөндіру құралдары (өрт сөндіргіштер, ішкі өрт крандары және басқа да жабдықтар) талапқа сай болуы тиіс. Бұл құралдардың жарамдылығы тексеріліп, оларды пайдалану тәртібін қызметкерлер мен тұрғындар жақсы білуі қажет. Төтенше жағдай кезінде адамдарды қауіпсіз жерге шығару үшін эвакуациялық жолдар (дәліздер, баспалдақтар, шығу есіктері) әрдайым ашық, жарықтандырылған және кедергісіз болуы тиіс. Сонымен қатар өрт дабыл жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуі адам өмірін сақтап қалуда аса маңызды рөл атқарады.

Ал тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне келер болсақ, бұл аса жауапты әр адам үшін маңызды әрекет. Қарапайым қауіпсіздікті сақтамау мүліктің бүлінуіне ғана емес, сонымен қатар адамдардың қаза болуына әкеп соқтырады. Тұрмыстық өрттердің статистикасы жалпы аумақта өрттердің ең көп саны тұрғын үй секторында орын алатындығын дәлелдейді. Әдетте, олардың барлығы электр сымдарының немесе жылыту аспаптарының ақаулығына байланысты.
Тұрмыстық өрттердің ең көп саны жеке сектор объектілерінде тіркелген, онда қауіпсіздік ережелерін сақтау жауапкершілігі меншік иесінің өзіне жүктелген. Сонымен қатар, отты абайсыз пайдалану салдарынан (темекі шегу, алау және т.б.) орын алады. Көптеген өрттер балалардың отпен ойнауынан туындайды.
Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, төсекте темекі тартпаңыз, тұрмыстық және басқа да техниканы пайдалану жөніндегі нұсқауларды сақтаңыз, электр сымдарының оқшауламасы бұзылған аспаптарды пайдаланбаңыз.
Қазіргі уақытта табиғаттың құрғақ болуы өрт қаупін одан әрі күшейтіп отыр. Бір ғана ұшқын үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Сондықтан табиғат аясында да демалған кезде әрбір әрекетке аса жауапкершілікпен қарау қажет. Отты қараусыз қалдырмау, темекі тұқылын кез келген жерге тастамау, демалыстан кейін отты толық сөндіру  қарапайым, бірақ өте маңызды ережелер.

 

 

Жылыой ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Нұрсәт Хаберов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT