Менің ойымша, «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны жақсартумен қатар, адамдардың сана-сезіміне әсер ететін маңызды бастама. Тазалықты сақтау – тек бір мекеменің немесе белгілі бір топтың міндеті емес, ол әрбір азаматтың жауапкершілігі деп білемін.
Бала кезімізден үлкендер «таза жерде береке болады» деп айтып отыратын. Расында да, адамның өмір сүретін ортасы оның көңіл күйіне, денсаулығына және өмір сапасына әсер етеді. Сондықтан өз ауламызды, көшелерімізді таза ұстау арқылы біз өзімізге де, айналамыздағы адамдарға да жақсы жағдай қалыптастырамыз.
«Таза Қазақстан» акциясы кезінде тұрғындардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ іске атсалысып жатқанын көру қуантады. Бірі ағаш егіп, бірі аумақты тазалап, енді бірі жастарға үлгі көрсетіп келеді. Осындай қарапайым істердің өзі туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі деп ойлаймын.
Гауһар Аманжанқызы
Жеке кәсіпкер



