Адамның мінезін оның сөзіне қарап емес, ортақ жерге деген қарым-қатынасына қарап та тануға болады деп ойлаймын.
Өйткені өз үйін таза ұстайтын адам ауласын да, көшесін де, туған жерін де таза ұстауға тырысады. Кейде «Бір адамның әрекетінен не өзгереді?» деген сұрақ туындайды. Мен бұған келіспеймін. Бір адам қоқысты жерге тастамайды. Екінші адам соған қарап үлгі алады. Үшінші адам ағаш отырғызады. Осылайша бір кішкентай әрекет көп адамның әдетіне айналуы мүмкін.
Бүгінде «Таза Қазақстан» аясында миллиондаған адам түрлі тазалық және көгалдандыру жұмыстарына қатысып, елді мекендерді абаттандыруға үлес қосып келеді. Бірақ меніңше, акцияның ең үлкен нәтижесі жиналған қоқыстың көлемімен емес, адамдардың санасында қалыптасқан өзгеріспен өлшенуі керек. Мен үшін тазалық – міндет емес, мәдениет.
Сенбілікке қатысу – жақсы. Ағаш отырғызу – одан да жақсы. Бірақ сол ағашты бірнеше жылдан кейін көлеңке беріп тұрған күйінде көру, тазалаған жеріңе қайтадан қоқыс тастамау – нағыз нәтиже. Сондықтан мен «Таза Қазақстанға» сырттан қарап тұратын акция ретінде емес, өзімнен басталатын қарапайым өмір қағидасы ретінде қараймын.
Жанар Орынбасарқызы
«Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры



