Көшеде жатқан бір бөтелке немесе саябақта қалған полиэтилен пакет – жай ғана қоқыс емес. Ол адамның өз ортасына деген көзқарасын көрсететін үнсіз дәлел. Егер қоқыс сөйлей алса, бәлкім, біздің жауапкершілігіміз туралы көп нәрсе айтар еді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы дәл осы үнсіз мәселені қоғамның талқысына шығарды. Бүгінде адамдар тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, өз аулаларын, өзен-көл жағаларын ретке келтіріп жатыр. Бұл тек табиғатты қорғау емес, қоғамдық мәдениетті қалыптастырудың маңызды қадамы.
Кейде адамдар «бір қағаздан ештеңе өзгермейді» деп ойлайды. Алайда дәл сол ой жүздеген, мыңдаған адамның санасында болса, табиғатқа келетін зиян да еселеп артады. Керісінше, әр адам өзінен бастаса, үлкен өзгеріс те кішкентай әрекеттерден құралады. Экология – сәнге айналатын ұғым емес. Ол өмір сүрудің қалыпты нормасы болуы керек. Тазалыққа үйренген қоғам ресурсты үнемдеуді де, қоршаған ортаға жанашырлық танытуды да табиғи әдетке айналдырады.
Інжу Бақбергенова, Жылыой ауданы тұрғыны



