Тазалық – тек мемлекеттік мекемелердің немесе арнайы қызметтердің жұмысы емес, әр адамның күнделікті өміріне байланысты мәселе деп ойлаймын.
Адам өз ауласын, көшесін, жұмыс орнын таза ұстаса, жалпы айналамыз да таза болады.
Мен өзім күнделікті өмірде тазалыққа мән беруге тырысамын. Көшеде келе жатып қоқыс жәшігін іздеу, қоқысты кез келген жерге тастамау сияқты қарапайым нәрселердің өзі мәдениеттіліктің белгісі деп есептеймін. Кейде бір адамның жерге тастаған кішкентай қоқысы көзге еленбейтін сияқты көрінеді. Бірақ оған тағы бір адам, кейін тағы бір адам қосылса, айнала бірден ластанып кетеді. Сондықтан тазалықты әркім өзінен бастағаны дұрыс.
Мен үшін таза Қазақстан дегеніміз – тек қоқысы жоқ ел емес. Ол – табиғатына ұқыпты қарайтын, көшесін таза ұстайтын, қоғамдық орындарды құрметтейтін адамдар тұратын ел. Әр адам «менен не өзгереді?» демей, «мен өзім не істей аламын?» деп ойласа, үлкен өзгеріс болады.
Мұрат Тыныштықұлы
Аудандық №5 спорт мектебінің директоры



