«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері көптеген өңірлерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен саябақтар тазартылып жатыр. Бұл – қуантарлық іс. Бірақ экология мәселесін тек сенбілікпен шектеу – мәселенің сыртқы қабатын ғана тазарту деген сөз.
Шын мәнінде, тазалық адамның дүниетанымынан басталады. Қоқысты арнайы жәшікке тастау, табиғат аясында демалған соң артынан із қалдырмау, пластик тұтынуды азайту сияқты қарапайым әрекеттер қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырады. Егер адам мұны күнделікті әдетке айналдырса, жылына бірнеше рет өтетін акциялардың өзі әлдеқайда нәтижелі болмақ. Бүгінде экологияны сақтау тек экологтардың немесе коммуналдық қызметтің міндеті емес. Бұл – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Себебі таза орта денсаулыққа, экономиканың дамуына, туризмнің өркендеуіне және келешек ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. «Таза Қазақстан» акциясының ең үлкен жетістігі жиналған қоқыстың көлемімен емес, өзгерген көзқараспен өлшенуі тиіс. Егер бұл бастама адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасын өзгертсе, онда ол уақытша науқан емес, қоғамдық санадағы реформаға айналады.
Аружан Қожасова, Жылыой ауданы тұрғыны



