Референдум – әр азаматтың таңдауы, ел ертеңіне қосқан үлесі

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде Ата Заңның жаңа жобасына қол қойды. Бұл туралы ол өз «Бүгін баршаңыз тарихымыздағы маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғасын куәсі болдыңыздар» деді өз сөзінде.

Бұл ретте мен де кеше ғана өткен саяси науқанда өз дауысымды беріп, таңдауымды жасадым. Республикалық референдум – тек саяси науқан емес, ел болашағына деген жеке жауапкершілігімді терең сезінген ерекше күндердің бірі. Өз таңдауымды жасаған сәтте мен тек бюллетеньге белгі қойып қана қойған жоқпын, өз елімнің ертеңіне деген көзқарасымды білдіріп, азаматтық ұстанымымды айқындадым деп есептеймін.

Бұл саяси шараның ауданымызда жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенділігімен өткенін ерекше атап өткен жөн. Таң атқаннан бастап учаскелерге ағылған халықтың қарасы қалың болды. Бұл жерлестеріміздің ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті. Әсіресе, үлкен буын өкілдерінің белсенділігі көпке үлгі болды. Осындай сәттерде «азаматтық борыш» деген ұғымның шынайы мәнін түсінесің. Себебі референдум – әр адамның пікірін ескеретін, халықтың үнін билікке жеткізетін маңызды тетік. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірі. Егер әр азамат өз таңдауына салғырт қарамаса, онда қабылданатын шешімдердің де салмағы арта түседі. Референдум арқылы қоғамдағы бірлік нығаяды. Өйткені учаскелерде әртүрлі жастағы, әртүрлі мамандықтағы адамдардың бір мақсатта бас қосқанын көресің. Барлығының көздегені – ортақ: елдің дамуы, тұрақтылығы, болашақтың баянды болуы. Осындай ортақ құндылықтар бізді біріктіреді. 

Жылыой жастарының да бұл референдумға атсалысқанын байқадық. Алғаш рет дауыс берген жас буынның толқынысы мен жауапкершілігін көзбен көру ерекше әсер қалдырады. Бұл олардың ел өміріндегі өзгерістерге дайын екенін, өз пікірінің маңызын түсіне бастағанын білдіреді. Өйткені қазіргі жас тек бақылаушы емес, олар елдің ертеңін қалыптастыратын белсенді күш. Дегенмен, референдум тек бір күндік саяси науқанмен шектелмейді. Ол ұзақ мерзімді өзгерістердің бастауы. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – қабылданған шешімдердің жүзеге асуына бейжай қарамау. Әр азамат өз елінде болып жатқан өзгерістерге немқұрайлы қарамай, оның дамуына өзінше үлес қосуға тырысуы тиіс. Айта кететін жайт, мұндай саяси науқандар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға да ықпал етеді. Адамдар заңды, өз құқықтары мен міндеттерін жақсырақ түсіне бастайды. Бұл кез келген дамыған қоғам үшін аса маңызды көрсеткіштердің бірі.

 Зарина АМАНОВА,

Жастар ресурстық орталығының маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT