Референдум – ортақ шешім, жарқын болашақ кепілі


 15 наурызда өтетін республикалық референдум еліміздің саяси өміріндегі маңызды белес. Бұл жолғы таңдау тек заңға енгізілетін өзгерістер жайы емес, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық қадам. Сөз болып отырған құжат Қазақстан Республикасының Конституциясы, яғни елдің негізгі тірегі.

Референдум арқылы ұсынылып отырған жаңа Конституция тек заңдар жинағы емес, бұл елдің даму философиясы, басқару мәдениеті, әділетті қоғам құру жолындағы ортақ ұстаным. Оның басты мақсаты – жүйелі өзгеріс. Яғни, мемлекетті басқару тетіктерін жаңғырту, билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту, халықтың үнін шешім қабылдау үдерісіне нақты енгізу, азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғауды күшейту.
Жаңа Конституция әділеттілік қағидатын күшейтуге, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге, мемлекеттің халыққа қызмет ету қағидасын нақты іске асыруға бағытталған. Бұл – “мемлекет үшін адам емес, адам үшін мемлекет” деген ұстанымды заң жүзінде бекітуге жасалған қадам. Әрбір азаматтың даусы маңызды, әрбір адамның пікірі құнды екенін көрсететін тарихи бетбұрыс.
Референдум - бұл тек “иә” немесе “жоқ” деп белгі қою емес. Бұл – азаматтық сана, елге деген жауапкершілік, ұрпақ алдындағы аманат. Бүгін қабылданған шешім ертеңгі ұрпақтың қандай елде өмір сүретінін анықтайды. Қандай қоғамда өмір сүреміз? Қандай мемлекет құрамыз? Қандай құндылықтарды ұстанамыз? Міне, осы сұрақтардың жауабы осы референдум арқылы айқындалады.
Сондықтан бұл үрдіске бейжай қарау болашаққа бейжай қараумен тең. Әрбір азаматтың таңдауы ел тағдырының бір бөлшегі. Референдум билікке ғана керек шара емес, халықтың өзіне керек тарихи мүмкіндік. Өз даусыңды беру арқылы сен елдің бағытына ықпал етесің, өз болашағыңды өзің айқындайсың. Бірлік бар жерде береке бар. Ортақ шешім бар жерде тұрақтылық бар. Ал тұрақтылық бар жерде даму бар. Осы референдум сол дамудың негізін қалайтын маңызды қадам. Сондықтан елдің болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстаным танытып, референдумға қатысу – әрбір қазақстандықтың парызы ғана емес, абыройлы міндеті деп білемін.
 
Дидар Бағытова, «Аманат» партиясы Жылыой аудандық филиалының қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT