Қазіргі таңда экологиялық мәселелер бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті тақырыптардың біріне айналды. Табиғаттың ластануы, қоқыстың көбеюі, ауа сапасының төмендеуі – бұлардың барлығы адам денсаулығына да, болашақ ұрпақтың өміріне де тікелей әсер етеді.
Осындай күрделі жағдайда елімізде жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” экологиялық акциясының маңызы зор.
Бұл акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және туған жерге деген жауапкершілікті қалыптастыру. Аула тазалау, ағаш отырғызу, өзен-көлдерді қоқыстан арылту сияқты қарапайым істердің өзі үлкен өзгерістерге бастай алады. Ең бастысы – бұл шаралар адамдардың санасына әсер етіп, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйретеді.
Менің ойымша, “Таза Қазақстан” тек бір реттік акция ретінде емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Себебі тазалық – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі. Егер әр адам өз ауласын, көшесін таза ұстаса, еліміздің экологиялық жағдайы әлдеқайда жақсарар еді. Сонымен қатар, жастардың бұл бастамаға белсенді қатысуы ерекше маңызды. Себебі жас ұрпақ – болашақтың иесі. Олар табиғатты қорғаудың маңызын ерте түсінсе, ертеңгі күні жауапты азамат болып қалыптасады.
Бурабай ЖАНБОЛАТ, Жылыой ауданы тұрғыны


