Келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік

Жоспардан – нақты жасампаздыққа

Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында сөйлеген сөзі мен алға қойған міндеттері – еліміздің даму тарихындағы жаңа дәуірдің бағдаршамы. Дүние жүзіндегі саяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан, еліміздің ауқымды саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруы – мемлекеттік институттардың тұрақтылығы мен халықтың бірлігін көрсетеді. Саяси трансформациядан кейінгі кезекті кезең – ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, ұлттық егемендікті барынша нығайту.

Ендігі кезекте еліміздің егемендігін нығайту, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып өсіп-өркендеу — басты мақсатымыз. Осы жолда Жастар ресурстық орталығының басшысы ретінде мен замандастарым мен кейінгі буын өкілдерінің иығына үлкен тарихи жауапкершілік жүктеліп отырғанын терең сезінемін. Президентіміз айтқандай, бұл мақсатқа жету үшін бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді әрі идеяға толы жастар қарқынды еңбек етуі керек. Бүгінгі жастар — реформалардың жай ғана бақылаушысы емес, оның басты қозғаушы күші.

Президент мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлін ерекше атап өтті. Бұл жастар арасында заң үстемдігі мен «Заң және Тәртіп» қағидатын қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біз жас ұрпақтың бойына құқықтық мәдениетті сіңіріп, жемқорлық пен заңсыздыққа мүлдем төзбейтін, жауапкершілігі жоғары азаматтық позицияны тәрбиелеуіміз қажет. Құрылтай депутаттары мен қоғам белсенділерінің осы бағыттағы жұмысына біз де жастар ұйымдары ретінде барынша қолдау көрсетуге дайынбыз.

Ең бастысы, Мемлекет басшысы біздің алдымызға нақты әрі өткір міндет қойды: біз келе жатқан жас ұрпаққа құрғақ жоспарлар мен орындалмайтын тұжырымдамалар емес, нақты нәтиже қалдыруымыз керек. Ол — экономикасы қуатты, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымды ту еткен, заңды бұлжытпай мойындайтын жасампаз Қазақстан. Біз жастардың стартаптарын қолдау, оларды ғылым мен заманауи технологияларға бағыттау және кәсіби тұрғыдан шыңдау арқылы осы ұлы мақсатқа өз үлесімізді қосамыз.

Болашаққа үлкен сеніммен қадам басу — бүгінгі жүйелі жұмыс пен адал еңбектен басталады. Бұл — ұлтымыздың, мемлекетіміздің және әрбір қазақстандықтың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет. Біз бұл межені бірге бағындырамыз деп сенемін.

Дана Баймағанбетова,

Жастар ресурстық орталығының басшысы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT