Конституциялық реформа елдің болашағын айқындайтын стратегиялық маңызы зор қадам. Жаңа Ата Заң жобасының қоғам өкілдерінің, сарапшылардың, саяси партиялар мен азаматтық сектордың ұсыныстары негізінде әзірленуі оның ашықтық және жариялылық қағидаттарына сай жүзеге асқанын көрсетеді.
Бұл үдеріс халық пен билік арасындағы өзара сенімді арттырып, реформалардың шынайы қоғамдық сұраныстан туындағанын дәлелдейді. Ашық талқылау мен пікір алмасу мәдениеті демократиялық қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бір палаталы Парламент құру бастамасы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыруға бағытталған батыл әрі жүйелі шешімдердің бірі болып табылады. Бір палаталы заң шығару моделі шешім қабылдау процесін жеделдетіп, заңдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадам мемлекеттік аппараттың тиімділігін күшейтіп, қоғамның өзекті мәселелеріне дер кезінде жауап қайтаруға жағдай жасайды. Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттерден икемділік пен шапшаңдық талап етіледі. Сондықтан басқару құрылымын жетілдіру – уақыт талабы.
Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге айрықша мән береді. Азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттары. Бұл бағыттағы өзгерістер әділетті қоғам құруға, заң үстемдігін нығайтуға және әр азаматтың мемлекет өміріне белсенді қатысуына жол ашады.
Сонымен қатар, қазіргі замандағы технологиялық даму, цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі құқықтық және саяси жүйені жаңартуды талап етеді. Конституциялық реформалар осындай жаңа сын-қатерлерге дайын болуға, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы алғанда, бұл реформа Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің артуы, басқару тиімділігінің күшеюі және азаматтардың құқықтарының қорғалуы – тұрақты әрі сенімді дамудың басты кепілі. Сондықтан Конституциялық реформа – тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басуының айқын көрінісі деп сенемін.
Алия МОЛДАШ




