Қазақстан мен Түркия арасындағы достық қарым-қатынас – ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи тамырластық пен ортақ құндылықтарға негізделген берік байланыс.
Екі елді ортақ тіл, мәдениет, салт-дәстүр ғана емес, өзара құрмет пен стратегиялық әріптестік те жақындастырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына жасаған ресми сапары екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды дипломатиялық қадам деп есептеймін. Анкарада көрсетілген салтанатты құрмет пен жылы қабылдау екі мемлекет арасындағы өзара сенім мен сыйластықтың белгісі.
Мұндай жоғары деңгейдегі кездесулер елдер арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, сауда, инвестиция, білім, мәдениет және басқа да маңызды салалардағы байланысты дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Түркияның бірлескен бастамалары алдағы уақытта да екі халықтың игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін.
Бауырлас екі елдің достығы нығайып, стратегиялық серіктестігі жаңа белестерге жете берсін!
Жансая ЖЕТКІЗГЕНҚЫЗЫ,
"Кең Жылой" газетінің жауапты хатшысы




