Интернеттегі қауіпсіздік — өз қолымызда

Қазіргі заманда киберқылмыс қоғам үшін маңызды мәселелердің біріне айналды.

Интернет пен цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болғандықтан, адамдардың жеке мәліметтері, қаржылық операциялары және түрлі құжаттары онлайн ортада сақталады. Осы мүмкіндіктерді заңсыз мақсатта пайдаланатын адамдардың әрекеті азаматтарға ғана емес, тұтас қоғамға зиян келтіруі мүмкін.

Киберқылмыстың ерекшелігі — оның кей жағдайда көзге көрінбей жасалатындығында. Мысалы, алаяқтар жалған сайттар мен хабарламалар арқылы адамның банк картасының деректерін, құпиясөзін немесе жеке ақпаратын алуға тырысады. Әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар арқылы сенімге кіру, интернет-дүкендердегі жалған ұсыныстар, бөтен адамның аккаунтын бұзу сияқты әрекеттер де адамдарға елеулі шығын келтіруі мүмкін.

Цифрлық технологиялар адам өмірін жеңілдету үшін қызмет етуі керек. Сондықтан интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және күмәнді жағдайларда бірден тиісті органдарға жүгіну — киберқылмыстың алдын алудың маңызды жолдары деп есептеймін. Қауіпсіз интернет — тек техникалық қорғаныс емес, ең алдымен адамның саналы әрі жауапты әрекетінен басталады.

 

                                                                             Ақылбек Едігеев                                      

                                                           Мансап орталығының басшысы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT