Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ауданда «Мемлекеттік рәміздер – ел негізі» атты мерекелік шеру ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ж. Қаражанов, мемлекеттік қызметшілер, өндірістік және коммуналдық мекемелердің ұжымдары, мұнай саласының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен белсенді ерікті жастар қатысты.
Елдік пен бірліктің айқын көрінісіне айналған шеруге 400-ге жуық адам қатысып, мемлекеттік нышандарға деген құрметін білдірді. Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтеріліп, Әнұран асқақ рухпен орындалды.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры, халқымыздың рухани құндылықтары мен ұлттық бірлігінің белгісі. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, туған елге деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті арттыра түседі.
Ел рәміздерін ұлықтау – әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан да мұндай мерекелік іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағына деген сенімді нығайта береді.
А. Мейрамбайқызы


