Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форум – тек аймақтық деңгейдегі жиын емес, қазіргі жаһандық экономикалық үдерістерге ықпал ететін маңызды алаңға айналды.
Форумның пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан ойлары Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі рөлі мен болашақ бағытын айқындап берді.
Президент өз сөзінде ЕАЭО-ны тек өңірлік интеграциялық ұйым ретінде емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі ретінде бағалады. Бұл – кездейсоқ айтылған пікір емес. Соңғы жылдары әлемде геосаяси тұрақсыздық күшейіп, халықаралық сауда байланыстары өзгеріп жатқан тұста ЕАЭО елдері экономикалық тұрақтылықты сақтап қалуға ұмтылып келеді. Мұндай жағдайда интеграциялық ұйымдардың маңызы арта түсетіні анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумның еуразиялық интеграцияны дамытудағы тиімді диалог алаңы екенін ерекше атап өтті. Шынында да, қазіргі кезеңде мемлекеттер арасындағы сенім мен экономикалық әріптестік аса қажет. Әсіресе, логистика, өнеркәсіп, энергетика және цифрлық экономика салаларында ортақ жобаларды жүзеге асыру – одаққа мүше елдердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Бүгінде әлем экономикасында жасанды интеллекттің (ЖИ) ықпалы күн сайын артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықта экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі дәл осы ЖИ технологиялары болады. Сондықтан ЕАЭО елдері де бұл үдерістен шет қалмауы тиіс. Жасанды интеллект өндірісті автоматтандыруға, логистиканы тиімді басқаруға, қаржы жүйесін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан соңғы жылдары цифрландыру мен инновацияға басымдық беріп келеді. Бұл бағыттағы бастамалар ЕАЭО кеңістігінде де ортақ технологиялық экожүйе қалыптастыруға жол ашуы мүмкін. Егер одақ елдері ЖИ саласында бірлескен жобалар жасап, тәжірибе алмасса, бұл экономикалық ықпалдастықтың жаңа кезеңіне айналары сөзсіз.
Серікболсын ҚАЗИЕВ, Жылыой ауданы тұрғыны


