Дипломатиядағы дәстүр мен стратегиялық серіктестік

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Ресей басшысы Владимир Путинді елорда әуежайында ерекше рәсіммен қарсы алуы – жай ғана хаттамалық іс-шара емес, бұл екі мемлекет арасындағы саяси және стратегиялық байланыстың айқын көрінісі. Мемлекет басшылары деңгейіндегі мұндай құрмет халықаралық дипломатияда маңызды символдық мәнге ие.

        Ресей Президентінің ұшағын Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері шекарадан бастап елордаға дейін қапталдай ұшуы – қауіпсіздік пен сыйластықтың белгісі. Бұл – мемлекетаралық сенімнің жоғары деңгейін аңғартатын дипломатиялық дәстүр. Ал әуежайдағы Құрмет қарауылының сап түзеуі, балалардың қос елдің туларын ұстап қарсы алуы мен барабаншылардың өнер көрсетуі қазақ елінің қонақжайлығы мен мәдени рәсімдерінің үйлесімін көрсетті.
      Қазақстан мен Ресей – тарихы, экономикасы және геосаяси мүдделері тығыз байланысқан көрші мемлекеттер. Сондықтан мұндай жоғары деңгейдегі кездесулер тек ресми хаттама шеңберінде қалып қоймай, аймақтық тұрақтылық пен өзара ынтымақтастыққа ықпал етеді. Әсіресе қазіргі әлемдік саяси ахуалда көрші елдер арасындағы диалог пен прагматикалық қарым-қатынастың маңызы арта түсті.
    Иә, тікұшақтардың қос мемлекеттің туларын желбіретіп ұшуы да ерекше символдық сипатқа ие болды. Бұл – екі елдің достық байланысына берілген мәннің көрінісі. Осындай сәттер қоғам назарын аударып қана қоймай, халықаралық деңгейде Қазақстанның дипломатиялық мәдениетін де танытады.
Сымбат Қабдрахманова, аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT