Әділеттілік – басты құндылық

Жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына елеулі кедергі келтіретін, қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын әлсірететін теріс құбылыс. Менің ойымша, бұл мәселе тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар адамдардың моральдық ұстанымына, жауапкершілігі мен адалдығына тікелей байланысты.

Егер қоғамда жемқорлыққа көз жұма қарау немесе оны «қалыпты жағдай» ретінде қабылдау орын алса, онда заң мен тәртіптің беделі төмендейді. Бұл өз кезегінде әділетсіздікке, халықтың мемлекетке деген сенімінің азаюына және даму қарқынының баяулауына алып келеді. Сондықтан жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болуы қажет.

Менің жеке пікірімше, жемқорлық — бұл жай ғана заң бұзушылық емес, ол халықтың сенімін ұрлау. Елдің ақшасын жеген адам бір ғана бюджетті емес, болашақты тонайды. Себебі сол қаржы мектепке, ауруханаға, жолға жұмсалуы керек. Елдің ақшасын жеген адам — өз халқын сатқанмен тең. Ондай әрекетті ақтауға болмайды.

Сондықтан әрбір азамат ең алдымен өз ісінде адал болып, заңды құрметтеуді әдетке айналдыруы керек. Білім беру жүйесінде де адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды бала кезден бастап қалыптастыру маңызды. Сонда ғана болашақ ұрпақ жемқорлықты қалыпты құбылыс емес, жойылуы тиіс мәселе ретінде қабылдайды.

Сонымен қатар, заңның үстемдігі нақты және әділ жұмыс істеген жағдайда ғана қоғамда тәртіп орнайды. Яғни заң бәріне бірдей болып, ешқандай жеңілдік пен артықшылық берілмеуі тиіс. Сонда ғана жемқорлықтың алдын алуға болады.

                                                   
Жылыой мерген спорт клубының вице президенті 

                Бейбарыс Бекешов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT