Бір тал, бір әрекет, бір өзгеріс

Мен «Таза Қазақстан» акциясына бір ғана қырынан қарамаймын.

Мен үшін бұл – қоқыс жинау немесе ағаш отырғызу ғана емес. Бұл – адамның туған жеріне деген қарым-қатынасын көрсететін айна. Кейде біз үлкен өзгерісті алыстан іздейміз. «Ел өзгерсе екен», «қала көркейсе екен», «табиғатымыз таза болса екен» деп ойлаймыз. Бірақ сол өзгерістің ең кішкентай бастауы өз қолымызда екенін ескере бермейміз.

 Ауладағы бір бөтелкені қоқыс жәшігіне салу, сынған бұтақты жөнге келтіру, бір тал көшетті отырғызып қана қоймай, оны суарып жүру – сырт көзге ұсақ әрекет сияқты. Бірақ қоғамның мәдениеті дәл осындай ұсақ әрекеттерден қалыптасады..Егер әр адам «Бұл менің шаруам емес» деген ойдан арылып, «Бұл – менің елім, менің көшім, менің ортам» деп қарай бастаса, үлкен өзгеріс өзінен-өзі пайда болады.

 Мен таза Қазақстанды тек жарқыраған көшелерден емес, табиғатты аялайтын, еңбекті бағалайтын, ортақ дүниеге жауапкершілікпен қарайтын адамдардан көргім келеді.Сондықтан мен үшін «Таза Қазақстан» – акцияның атауы ғана емес, күнделікті өмірдің ұстанымы.

                                                       

                                                                   Бүркіт Базарбаев

                                                       Жазушылар одағының мүшесі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT