Қай кезеңде де мемлекеттің қуаты оның экономикасымен ғана емес, заң үстемдігімен өлшенеді. Заңға бағынатын, тәртіпті құрметтейтін қоғам – тұрақты дамудың, қауіпсіз өмірдің және азаматтық сенімнің кепілі.
Сондықтан «Заң мен Тәртіп» қағидаты бүгінгі таңда жай ұран емес, стратегиялық бағытқа айналып отыр. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қағидатты жаңа конституциялық үлгінің өзегі ретінде айқындап берді. Жаңа Ата заң жобасында Заң мен Тәртіп конституциялық деңгейде бекітілуі – еліміздің құқықтық мемлекет құру жолындағы батыл қадамы.
Заң үстемдігі дегеніміз – барша азаматтың заң алдында теңдігі. Лауазымына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, әркімнің жауапкершілігі бірдей болуы – әділетті қоғамның басты шарты. Егер заң бәріне ортақ талап қойса, қоғамда сенім қалыптасады, азаматтар өз құқықтарының қорғалатынына көз жеткізеді. Жаңа Конституцияда адам құқықтарына басымдық берілуі де осы ұстаныммен тығыз байланысты. Адам мен оның бостандығы – мемлекеттің ең жоғары құндылығы. Бұл тек декларация емес, мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын айқындайтын нақты норма. Тәртіп бар жерде тұрақтылық бар. Қоғамдық тәртіптің сақталуы – экономикалық өсімнің, инвестициялық тартымдылықтың және әлеуметтік әл-ауқаттың негізі. Заң талаптарының орындалуы азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Әсіресе цифрлық дәуірде құқықтық мәдениеттің маңызы арта түсті. Жаңа Конституция жобасында азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасының енгізілуі – уақыт талабына сай шешім. Бұл – киберқауіпсіздік пен жеке деректердің қорғалуын конституциялық деңгейде қамтамасыз ету деген сөз.
Заң мен Тәртіп қағидаты тек мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты емес. Бұл – әр азаматтың ішкі жауапкершілігі. Қоғамдағы құқықтық мәдениет мектептен, отбасынан, күнделікті өмірден басталады. Егер әркім өз міндетін адал атқарса, заң бұзушылыққа төзбеушілік танытса, қоғам сапасы өзгереді.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ


