Конституция жобасында цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылып, азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норманың енгізілуі – уақыт талабына сай шешім.
Сонымен қатар зияткерлік меншік құқығын қорғау, кінәсіздік презумпциясын күшейту және «Миранда ережесінің» бекітілуі азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.
Жаңа Конституция жобасында бірқатар маңызды жаңашылдықтар да ұсынылған. Атап айтқанда, 145 депутаттан тұратын бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру, Қазақстан халқының мүддесін білдіретін Халық Кеңесін қалыптастыру, сондай-ақ Вице-президент институтын енгізу қарастырылған. Сонымен қатар адвокатура қызметін Конституциялық деңгейде бекіту, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейту сияқты маңызды нормалар енгізілуде. Иә, Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің адамға бағдарланған дамуын күшейтіп, қоғамдағы әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Қазіргі таңда азаматтар өз ұсыныстары мен пікірлерін e-Otinish және eGov порталдары арқылы білдіре алады. Ал жаңа Ата заң бойынша түпкілікті шешімді Қазақстан халқы жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды.
Бекұлан Мақсотов, Жылыой ауданы тұрғыны


