Тәртіпке бағынбай...

Қоғамдық орында мас күйінде жүрген азаматты тәртіпке шақырып көрген-ді.

Батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаса керек. Өкінішке орай, күнделікті өмірде көп адам пендешілікпен осы бір қанатты сөздің астарына үңіле бермейтіні жасырын емес. Қоғамдық өмірде, қала көшелерінде орын алып жататын келеңсіз жайттар соның салдарынан туындап жатады. Ал мұның барлығына көбіне-көп ішімдік кінәлі. «Атадан қалған ас еместі» өңешінен өткізіп жіберген кейбір тепсе, темір үзер жас жігіттер қоғамдық тыныштықты сақтамақ түгілі, тәртіпке шақырған тәртіп сақшысының өзін тыңдамай, басынатындығын қайтерсің?! Жақында аудандық сотта қаралған әкімшілік іс – дәл соның айғағы.

Таңертеңгісін ішімдікке сылқия тойып алып, қала көшесінің қақ ортасындағы көпқабатты үйдің алдында қисалаңдап бара жатқан жігіт полиция қызметкерінің көзіне бірден шалынды. Қоғамдық орында мас күйінде жүрген азаматты тәртіпке шақырып көрген-ді. Алайда арақтың буына бөгіп алған әлгі сері тәртіп сақшысын көргенде шортандай шоршыды. Оның заңды талабына бағынбай, тіпті боқтап-балағаттап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Қызметіне кедергі келтірген сабазды амалы таусылған полиция күштеп тұрып ішкі істер бөліміне жеткізді. Мастығын айғақтап, үстінен әкімшілік хаттама толтырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс көтерді.

Кеше ғана көшеде «батырлығымен» көзге түскен жігіт сот орынтағында қойдан жуас, түйеден момақан бола қалды. Өз кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады. Сот жасаған құқық бұзушылық әрекетін жоғарыдағы баппен дұрыс дәрежеленген деп таныды. Оны ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, бір тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жөнінде қаулы етті.

А.Көптілеуова,

аудандық соттың жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521