Түнде жортқан жасөспірімдер

Жедел шара кезінде жоғарыдағы құзырлы органдармен бірлесіп, түнгі сағат 23.00-ден бастап арнайы рейдтер ұйымдастырылды.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ерболат Досмағұловтың хабарлауынша, наурыз айының 11-і мен 15-і аралығында аудан аумағында «Қауіпсіз мектеп» атты жедел-профилактикалық іс шарасы болып өтті.

Бұл жолғы шараға жалғыз полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылып қана қойған жоқ, оған аудандық прокуратура, білім бөлімі мен орталық аурухана, Жастар ресурстық орталығы мен жергілікті БАҚ өкілдері де қатысты. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі мен балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубы арқылы полиция бөлімінде профилактикалық есепте тұрған және қолайсыз отбасындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу шаралары қарастырылды.

-Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша бекеттер мен оқу орындары жанында полиция нарядының патрульдеу бағыты күшейтілді. Білім бөлімімен бірлесіп орта мектептер мен колледжде кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәрбиелеу, қоғамдық орындарда бейтаныс адаммен қарым-қатынас жасау және жүріс-тұрыс ережелерін ұғындыру мақсатында жиын өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізілді,-дейді Е.Досмағұлов.

Жедел шара кезінде жоғарыдағы құзырлы органдармен бірлесіп, түнгі сағат 23.00-ден бастап арнайы рейдтер ұйымдастырылды. Онда көшеде беймезгіл жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында құрамында ювенальды полиция тобының инспекторлары, білім бөлімі мамандары, мектеп директорлары, Жастар ресурстық орталығы мен газет қызметкерлерінен құралған топ бірнеше бөлікке бөлініп, Құлсары қаласының көшелерін аралады. Анықталған құқық бұзушылықтар аз болған жоқ. Жалпы шараның өту мерзімі ішінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бір жасөспірімнің үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен, ал 442-бапта көзделген құқық бұзушылыққа жол бергені, яғни түнгі мезгілде жасөспірім баласын қадағалаусыз қалдырып, көшеге қоя бергені үшін ата-аналардың үстінен де 16 хаттама толтырылып, заң аясында тиісті шара қолданылды.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521