Баласы үшін әкесі айыппұл арқалады

Ақпанда қаладағы «Лидер» сауда үйінің алдындағы көшедегі жол-көлік оқиғасы орын алды.

Қазір екінің бірі мініп, айдап жүрген ресейлік «четырнадцатый» деп аталатын «ВАЗ-21140» маркалы жеңіл автокөлігі бір емес, екі көлікті сүзіп кетті. Оқиға тар көшеде жылдамдықты арттырып, өзімен бір бағытта келе жатқан темір тұлпарды басып озу кезінде орын алды. Сол мезетте оның алдындағы көлік те «поворот» жағып, сол жаққа бұрыла бергені сол еді. Аптыға асығып, алға озған «ВАЗ» оны бүйірден соғып жіберді. Бірақ жүргізуші тежегішті басып, тоқтай қоймады. Қарсы алдынан шыға келген әйел адамның көлігіне барып тағы да «таран» жасады. Алайда рөлдегі жүргізуші артына бұрылып та қарамады. Ресейдің боевик киносындағы кейіпкер секілді бір емес, екі бірдей темір тұлпардың тұмсығын бұзып, жүйткіп жөніне кетті.

«Бақсақ, бақа екен» дегендей, сөйтсек «ВАЗ» мініп, еркінсіп жүрген сабаз әлі 18-ге де толмаған бозбала болып шықты. Оның үстіне өзінің көлік құралын жүргізуге арналған жүргізушілік куәлігі де жоқ екен. Бір емес, екі көлікті соққан соң зәре-құты ұшқан жасөспірім оқиға орнынан табанын жалтыратып, қаша жөнелген. Бірақ сол жерге келіп, мән-жайды анықтаған полиция қызметкерлері қашқын «шөпірді» алысқа ұзатпады. Ата-анасының қатысуымен үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, іс қозғады. Жасөспірімнің жасаған жол-көлік оқиғасының кесірінен оның әкесі де тиісті жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі Қағидаларының 2.1 тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жол-көлік оқиғасына қатысы бар кінәлі жүргізуші: қағидалардың 7-бөлімі 2-тармағының талаптарында көрсетілгендей көлік құралын дереу тоқтатуға (орнынан қозғамауға), авариялық жарық сигналын қосуға және авариялық тоқтау белгісін (жанып-сөнетін қызыл фонарь) қоюға, оқиға орнындағы заттарды қозғамауға; зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету үшін ықтимал шараларды қолға алуға, «Жедел жәрдем» шақыруға, ал шұғыл жағдайда зардап шеккендерді жол-жөнекей көлікпен жөнелтуге, егер мұндай мүмкіндік болмаса, өзінің көлік құралымен жақын жердегі емдеу мекемесіне жеткізуге, жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргізуші куәлігін және көлік құралына берілген тіркеу құжатын көрсете отырып, өзінің тегін, автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін хабарлауға және оқиға болған жерге қайтып келуге; Қағидалардың 1-бөлімінің 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, болған оқиға туралы жақын жердегі ішкі істер органына дереу хабарлауға, оны куәгерлердің тегі мен мекенжайын жазып алуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің келуін күтуге міндетті.

Жасөспірім бозбала бұлай етпек түгілі, өзі тікелей кінәлі болып табылатын жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткені белгілі. Бірақ сотта оның жүргізушілік куәлікті мүлдем оқып алмағандығы анықталды. Сондықтан бұл жерде кінәлі әлі кәмелет жасына толмауына байланысты ұлы үшін ата-анасына жауап беруіне тура келді. Дәлірек айтқанда, баласы сотпен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 611-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Онда «Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, көлік құралын басқару құқығынан айырылған не көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адам жасаған әрекет үшін бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатыны» көрсетілген. Алайда ӘҚБтК-нің 66-бабының 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспірімге салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн осы бөлімнің екінші бөлiгiнiң бабында көзделген айыппұл мөлшерiне қарамастан, он айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.

Сондықтан сот қаулысымен жасөспірім кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза оның әкесіне қолданылды. Сөйтіп, оған 26 510 теңге көлемінде айыппұл арқалатты.

Дегенмен бозбалаға тағайындалған әкімшілік жаза жалғыз мұнымен шектелмеді. Оны сот «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» деп аталатын 610-баптың 3-бөлігі бойынша да жауапқа тартты.Істегі анықталған мән-жайларды зерделеген сот оның ішінде оның мінез-құлқын, кәмелеттік жасқа толмағанын ескеріп, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға, бірақ ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жалпы сомасы 26510 теңгені 30 пайызға қысқартқан дұрыс деп санады.

Сөйтіп сот қаулысымен баласын жоғарыдағы баппен кінәлі деп танып, әкесіне қосымша 18 557 теңге мөлшерінде айыппұл салды.

Ұлы Абай атамыз «Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік» деген даналық сөзді осындайда айтса керек.

А.Көптілеуова,

аудандық соттың жетекші маманы,

Е.Бисекенұлы өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521