Құрғақ уәдемен тақыршаққа отырғызып кетті

Жасыратыны жоқ, қазір кәсіп көзін ашып, ісін ілгерілеткісі келген кей азаматтар құзырлы орындар арқылы берілетін қажетті «бастапқы капиталға» қол жеткізе алмай жатады.

Ал алаяқтар болса осындай ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, «темірді қызған кезінде соғып» қалуға тырысады. Жақында аудандық сотта сондай бір алаяқ әйелге қатысты қылмыстық іске соңғы нүкте қойылды. Ол өзі секілді нәзік жандарды өзінің құрған «несиелік ұйымы» немесе «Даму» бағдарламасы арқылы қомақты мөлшерде несие алып бере алатындығына сендіріп, қалтасындағы бар қаржысын «қағып» алған.

Бір қызығы, алаяқ келіншектің жасаған қылмысы бір ғана сот процесімен шектелмейді. Ол осыған дейін де, яғни биылғы наурыз айындағы сот үкімімен үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған-ды. Сот ол кезде күйеуі науқас, кәмелетке толмаған төрт баласы бар ананы аяп, соңғы мүмкіндік берген еді. Бірақ «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, жүрегі түкті Ж. одан еш нәтиже шығармады. Тіпті сотта үстінен іс қаралып жатқанда да алаяқтық «әдетін» жалғастыра берді. Бір сөзбен өзі қолға алған «кәсібіне» адалдық танытқан ол темір торға қамалар «соңғы демі» қалғанша адамдарды алдап-арбауын тоқтатқан жоқ.

Алғашқы жемтігін ол 2015 жылдың қаңтарында қармаққа түсірді. К. атты әйелді «несиелік ұйым" құрып, сол арқылы 20 млн. теңге «кредит» алып беретіндігіне сендірген алаяқ бастапқы кіріс ретінде 690 мың теңге аударуы керектігін ескертеді. «Клиент» көп кешікпей «делдалдың» айтқанын екі еткізбейді. Арада бірнеше ай өткеннен кейін «2016 жылдың сәуір айында несиеңіз дайын болады» деп хабарласқан Ж. «Шеретіңізді алға жылжытып беремін» деп сендіріп, екі мәрте, алғашында 70 мың, кейін 100 мың теңге ақшасын алдап алады. Соңғы келгенінде К-ның дүкені бар екенін көреді. Сол бойда арам ой келе қояды оған: «Арзан бағаға әртүрлі заттар алып бере аламын» деп тағы да 1 млн. 140 мың теңге қаржысын қалтаға басып алып, тайып тұрады. Осылайша жәбірленушіні 2 млн.теңгеге тақыршаққа отырғызып кетті. Дәл осындай тәсілмен ол сол жылдың маусымында тағы бір әйел адамды да алдап соқты. Оған «Азия» банкінен 10 млн. алып беретіндігіне сендіріп, 1 млн. 100 мың теңгесін иемденіп кеткен-ді. Бірақ ол кезде алаяқтың ұрлығы ашылып қалды. Дүкеншідей емес, бұл «клиенті» оның «уәделеріне» күмәнмен қарады. Сөйтіп, барлық ақшасын кері қайтаруды талап етті. Амалы құрыған алаяқ «Қарызға 1100000 теңге ақша алдым, 2018 жылдың сәуір айына дейін қайтарып беремін» деп қолхат жазып құтылғандай болды.

«Ауызы күйген үріп ішеді» дегендей, «несиелік ұйым» мен «Азия» банкі арқылы «клиент» тарта алмаған алаяқ біраз уақыт айылын жиып жүрді. Бірақ «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, көп ұзамай ол өткен жылдың ерте көктемінде бұрынғы «әніне» қайта басты. Бір таныс әйелмен телефон арқылы сөйлесіп, кездесуге шақырды. Әңгімелесу үстінде оған 10 млн. теңге несие алып беретіндігіне сендіреді де, 1 млн теңге бастапқы кірісін «төлетіп» алады. Алғашқы олжаға оңай ие болған алаяқ әрмен қарай өзгеше жоспар құрып, ірі жобаларға қол созды. Кей кәсіпкерлердің «Даму» арқылы берілетін несиеге қол жеткізе алмай жүргенін есіткен ол өз мақсатына осы бағдарламаны бетперде етіп алды. «Бастапқы капитал» іздеген «клиенттерін» «Даму» арқылы дамытамын деп «түйені түгімен жұтуға» кірісті.

Алғашқы жемтігі Г-ға ол Атырау қаласынан «Даму» бағдарламасы арқылы 10 млн. теңге «кредит» алып беремін деп сендірді. Ол үшін бастапқы кіріс ретінде 1 млн. теңге талап етіп, оны екі бөліп, «жемсауына» сүңгітіп жіберді. Кейін 200 мыңын тағы иемденді. Ал екінші бір «клиентіне» бірден «15 млн. теңге алып беремін» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұрынғы «сценарий» бойынша бастапқы салым ретінде берілетін «кредиттің» 10 пайызын аударуды сұрады. Бір қызығы, алаяқ 1500000-ды иемдену үшін өз есепшотын емес, өзі осыған дейін қармаққа түсіріп алған жәбірленуші әйелдің банкоматтық карточкасын пайдаланды. Есеп айырысу сәтті өткен соң, ол тағы да хабарласып, «Несие алу кезіндегі шеретіңізді жақындатып беремін» деп тағы 250 мың теңгесін иемденіп кетті. Бірақ жыл аяғында Ж-ның алаяқтық әрекеті әшкереленіп қалды. «Даму» арқылы дамытамын» деп жүрген «клиенттері» өздерін әккі әйелдің алдап жүргенін сезіп қалып, бар ақшасын кері қайтаруды талап етті. Олардың біреуімен биылғы жылдың наурыз айында Орталық базар ішінде ұшырасып қалды. Бұл уақытта алаяқ «қолымен жасағанын мойнымен көтеру» үшін аудандық сотқа «асығып» бара жатқан-ды.Қапелімде қатты сасқан ол жәбірленушіге қалтасындағы 100 мың теңгесін беріп құтылды.

Әрине, уақыт өте келе кейбір «клиенттер» оның алаяқ екенін сезіп, біле де бастады. Бірақ бұл Ж-ны көздеген мақсатынан тоқтата алмады. Тіпті үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатса да, ісі сотта қаралып, тағдыры қыл үстінде тұрса да алған бетінен қайтқан жоқ. Бұрынғы жәбірленушілерден бой тасалай жүріп, жаңа жемтіктеріне де қармақ тастай берді. Мәселен, ол А. есімді келіншекке «Азия» және «Астана» банктерінен 10 млн теңге алып беруге келіседі. Ол үшін әрқайсысынан 1 млн-нан 2 млн. теңге беруі керектігін алға тартты. Қаладағы саябақтың бірінде өткен кездесуге «клиенті» әкесі мен қайынатасын ертіп келді. Өйткені оның басқа банктерде «кредиті» бар еді. Сол жерде жаны ашыған әке қолхат арқылы қызына 900 мың теңге береді. Бірақ кейін «делдалдың» алаяқтық әрекеті жүзеге аспай қалды. Уақыт өте келе А. оның алдап жүргенін біліп, ақшасын кері талап етті. Бірақ алаяқ әйелдің екі беті бүлк етпеді. Ақшасы жоқ «клиенттерімен» заттай да есептесіп жүре берді. Айталық, өткен жылдың желтоқсан айында 6 млн. теңге несиеге келіскен Г-дан ұялы телефон талап етті. Жәбірленуші көп ойланып жатпастан «Технодом» сауда үйіне барды да, барлығы 571618 теңгеге бағаланған екі дана «Айфон-8»-ді алып, Ж-ның қолына ұстата салды. Кейін де оны «теспей сорып», жәбірленушіге 621618 теңге мүліктік шығын келтірді.

Негізінен, алаяқ былтырғы жыл бойына батыл әрекет етті. Биыл да біраз «балықты» қармақ қаптырды. Сотта анықталғанындай, ол 18 жәбірленушінің барлығы 14 млн. 080 мың 618 теңге ақшасын алаяқтықпен алдап алғаны дәлелденді. Сондықтан алаяқ әйелдің қылмыстық ісі бойынша өткен сот процесіне төрағалық еткен судья Ш.Исмағамбетова оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ақырғы жаза ретінде 3 жыл екі ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті. Әрине, судья жаза тағайындағанда оның кәмелетке толмаған төрт баласының барын ескерді. Сондай-ақ сотқа азаматтық талапкер ретінде жүгінген жәбірленушілердің талап-арыздары қанағаттандырылды.

Е.Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521