ads_banner

ҚАСЫММЕН ЖЫРЫН ҚАЙРАҒАН

Қажы Тарханнан кіре тартып, кір басқан шалғайына шүпірлеген шабақтар шегендеген ақ мұрт, ақшулан Атыраудың айдынын сызған кемеден төгілген кермарал дауыс Құрекеңнің «Кісенін ашып», «Көбігін шашып», мұңға иінін берген «Кішкентай» көңілді «Серпер» қайратқа сілтеп, арқаны арқайын кеңге салып, алғаусыз көңілмен бір көтеріліп қаламын. Осындайда есіме Жем жағасында жалаңаяқ жүгірген балаң күндер түссе, анадай абзал, әкедей ақжал Ақкиізтоғайым алдымнан құшағын ашып, бауырына басып, жүгіре шыққандай болады. Қатарластарым, қанаттастарым қаптап алдымнан ұмтылғандай қуанамын. Әкемнің көзін көрген, анаммен сырлас болған қариялар ұмсынып, алыс жолдан иығын шаң басып оралған ұлдарының бетінен сүйгендей күй кешемін.

Жаманқұмақтың жалғыз мосыағашы тұсына келгенде «сенімен бірге барамыз» дегендей болып асыға жөңкіліп, абыржи қозғалып, қамшылар жағымнан қапталдаса шұбырған «ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар» бұйрабас ұстазымның шашындай ұйысқан бұйрығынды даланы өзімен бірге ертіп, Ақкиізтоғайға қарай асыға тартады. Ойыма өлең жолдары келеді:

«Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар,

Қарасаң, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса даналық бар,

Біреуде қарт та болса шалалық бар». Көңілдің құм-сағатына қайыра үңілемін. Бұл өлеңмен кездесуге дейін әлі арада бірнеше жылдар жатыр еді…

Ол жылдары біздің үй малда, қойнауы құт Қарақұмның шығыс-терістік жағында отырар еді. Жердің аты да осы өңірге тән – Қоңырқұдық. Тылсым тарихын қауғамен саумалаған Жылыой-Маңғыстау аймағының тіршілік картасы да жылжыған жылдар бойы құдықтармен өлшеніп келді. «Қарақұм дегенше қарағым десейші» деген қанатты сөзге кейіпкер болған Қарақұм қойнауында, Қоңырқұдық пен Аққұдық жайлауында, Майкөмген мен Еткөмгеннің байлауында өткен балаң күндер әкем Оралбай мен Аманқостың әкесі Назар ақсақалға да етене ортақ жерлер еді.

Әкем орта сауатты, латын қарпімен де, орыс әрпімен де оқып, жаза алатын жан болатын. Жібермей қарайтын баспасөзі – аудандық «Ембі» газеті. Айына бір-екі рет келетін автодүкен жеткізетін шаң басқан бір буда газетті ақтарып-төңкеріп, ішінен «Ембіні» тауып алатын да, мақтадан сырылып тігілген жұқалтаң кеудешесінің оң жағында ауызы ашыңқы қалтасынан құлақшасы қызғылт-қоңыр көзәйнегін алып, үнемі ондық шамның жарығын көтеріп қойып, ұзақты кеш «кәзит» қарайтын. Әкем әсіресе өлең-жырды қағыс жібермейді. «Осы, әлгі Жетімек Назардың баласы жақсы ақын болып келе жатыр, әкесі көп сөйлемейтін, тұйықтау кісі ғой, шамасы, сөз нағашы жағынан келді ме екен?!» деп, өз пікіріне өзі тоқмейілдік танытып жататын. «Ақын болғасын Аманқостай болу керек қой» деп әкем ағыл-тегіл болады да жатады.

Бір күні мен де «Ембіні» қарай қалдым. Соңғы бетінде «Қоңырқұдық» деген өлең басылыпты. Авторы – Аманқос Ершуов.

«Ата-бабам көкейге қонымды ғып,

Деп қойыпты атыңды Қоңырқұдық.

Жымыңдаған түнгі оттар шақырады,

Мен түгіл, жолаушының жолын бұрып», – деп төгіліп барады. (Бұған да 50 жылдай уақыт болыпты-ау).

amankosershuov1

Бұл өлеңді арада осыншама уақыт өтсе де әлі күнге жатқа оқимын. Пілте шамның жарығымен көне көзәйнегін түзеп қойып, газет оқып отырған әкемнің бейнесі есіме түскен сайын осы өлең де есіме түседі де тұрады. «Қоңырқұдық» деген қоңыр сөз сағыныштың қоңыр әуені болып жанымды әлі күнге әлдилейді. Алаштың айтулы ақыны Аманқос Ершуов әдебиетке осы «Қоңырқұдықтан» келген сияқты болады да тұрады. Ақкиізтоғай ауылындағы Амангелді орта мектебінің 6-шы класында талпынып өлең жаза бастадым. Абыз баба – Пір Бекеттің кіндігі кесілген Ақмешіттің ақжайнақ құмында кіндіктері кесілген ақындар: Ұлы Отан соғысының сұрапылынан оралмаған, жаны нұрланған шақта «Жазық Дала» деп қолын қоятын Далабай Жазықбаев, ерке Жемнің сабырлы ағысындай биязы, бір өзі бір әдебиет институтының жүгін көтергендей Қабиболла Сыдиықов, өлеңдерінің екпіні Желтаудан соққан желдей ескен ақжарма азамат Меңдекеш Сатыбалдиев, ат құлағында ойнап, талай аламан бәйгеде шабандоз бала атанған Айтуар Өтегенов, оның мақаласынсыз «Ембі» газеті шықпайтын тұсалмас тілші Қонаш Қалдыоразов, кластас құрбы, сырға берік сыралғы достар Аманғали Сеңгірбаев пен Мақсот Қуатбаев, өлеңнен ғылым сүзген Амантай Оспанов, әрі ғалым, әрі сыншы, әрі ақын, Аманқос ағамның қызы Маржан Ершу, тағы басқа асығыс шолғанда ауызға түспей жатқан іні-қарындастарым – аяулы мекен – атакүлдік Ақкиізтоғай ауылының түлектері. Осы тізімнің ішінде мен де бармын деп көңілім тоғаяды.

Ақындар ауылы атанған Ақкиізтоғайдан түлеп ұшқан, есімдері аталған жандардың көбі ауылдан ұзап та кеткен жайы бар. Туған жерге туын тігіп, табан аудармай, ақындар ұстаханасының көрігін дүрілдетіп, жырын оқыған жандардың жүрегін дірілдетіп Аманқос ағамыз Ақкиізтоғайында отырды. «Дипломмен – ауылға» деп дүрлігіп жатқан қазіргі заманда осы мәселені жарты ғасыр бұрын түбегейлі шешіп тастаған Аманқос Ершуов болатын. Пайғамбар хадисінде ең сауапты істердің бірі – адамға білім беру, оқыту деген. Сол сауапты қалағанынша алып жатқан ақын-ұстаз, Аллаға шүкір, жетімек болса да, жетім емес екен. Ұзақ жыл колхоз басқармасы болған Назар Ершуов нағашымды сан рет көріп, аузымды толтырып «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп, атын ұстағаным бар. Мен, сөйтіп, ақын баласынан бұрын абзал әкесін көрдім. Ақынды содан кейін ғана көрудің сәті түсті. 1967 жылғы қыркүйек айында біздің Амангелді орта мектебіне жаңадан оқу бітіріп бір топ жас мұғалім келді. Олар шалғайда жатқан бұйығылау ауылымызға жаңаша күй, жарқын көңіл ала келді. Солардың бірі Аманқос ағай болатын. Қасында қалаша сәнді киінген, қасы-көзі қиылған, біздің ауылдың жаңа келіні Алтын апай бар. Бұл кісімен де танысуым қызық болды. Тоғызыншы класта оқимын. Менің алғашқы өлеңдерім аудандық «Ембі» газетіне жиі шыға бастаған кезі. Ауыл арасында ақын бала атанып, кеудем кішкене көтеріле бастаған шақ. Алтын апай бізге математикадан сабақ беретін болды. Сабақ басталар алдында Балтабай Адамбаев құрастырған «Шешендік сөздер» деген кітапты оқып отырғанмын. Аңдамай қалыппын, Алтын апай асығыс кіріп келді де, қолымдағы кітапты жұлып алып, кластан шығарып жіберді. Әжептәуір ақын атанған басым өкпеледім де қалдым. Апай содан мені екі апта сабағына кіргізбеді. Сегізінші класқа дейін жақсы оқыған математика пәніне деген көңілім содан суи бастады. Біржола «әдебиетке» қарай ойыстым. Аманқос ағай бізге әдебиеттен сабақ береді. Сөйтіп, Алтын апайға оппозиция, Аманқос ағайға шәкірт болып күндер өтіп жатты.

Осы кезеңдерде ақын ағамның өлеңдері республикалық газет-журналдардың бетінен жиі көріне бастады. Аманқос поэзиясының білгірі әрі жанкүйері әкемнің де оқитын газетінің ауқымы үлкейіп кетті. Бір күні «Ембі» газетіне шыққан «Шопан» деген өз өлеңімді әкеме «Кәке, Аманқостың жаңа өлеңін оқып берейін» деп мәнерлеп оқып бердім. Оқып болып, әкем қалай қабылдар екен деп, бетіне жалтақ-жалтақ қарап қоямын. «Ой, пәлі, жақсы өлең екен, Назардың баласының өлеңі екені көрініп тұр» деп әкем жарқылдап қуанып қалды. Ішім жымың ете қалды. Бұл менің өнер жолында әкемнен сырттай алған алғашқы жақсы бағам еді. Мен, сөйтіп, Аманқос Ершуовтай ақын болсам ғой, әкем қуанады екен деп армандайтын болдым. Өлеңді де бұрынғыдан жиі жаза бастадым. Осылайша Аманқос ағам да біліп, білмей мені әдебиет ауылына жетелей жөнелді.

1969 жылы Алматыда жас ақындардың республикалық фестивалі өтті. Оған Гурьев облысынан біздің ұстазымыз, әдебиет пәнінің мұғалімі Аманқос Ершуов ағамыз қатысуға кетті. Ол кезде мен оныншы класта оқып жүргенмін. Туыстас Бөкей ағамның үйінде жатып оқимын. Ол кісі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерін жаздырып алады. Барлық газеттерді ұқыптап жинап, тігіндісін жасап, қабырғаға іліп қояды. Мен де соларды жатып алып оқимын. Бір күні «Қазақ әдебиетін» ашып кеп қалсам, Аманқос ағайдың Қасым туралы өлеңі жарқ ете түсті. Жата қалып оқиын. Жұлып әкетіп барады. Екпін, ырғақ, құйылған сөз, төгілген теңеу. Қасымның отты жырының жалғасындай болып лаулаған сол жыр газеттің бетін де лаулатып тұрғандай болды. Ақжарма ақын Ғафу Қайырбеков өлеңмен төгілдіріп ашқан сол ақындар жиынында қазақ поэзиясына тегеурінді топ, жаңа жыр жүйріктері келді. Солардың алдыңғы қатарында Аманқос Ершуовтың да аты шығып, академик Зейнолла Қабдолов «Қазақ өлеңіне жаңа Қасым келді» деп жар салды. Осылайша қазақ поэзиясының жаңа жүйріктері қатарында жарқ етіп көзге түскен жас талант Аманқос Ершуов әйгілі француздар тудырған: «Ақындар ауылда туып, астанада тұрады» деген қанатты сөзге бағынбай, өзінің баянына біткен бірбеткей мінезіне бағып, туған ауылында қалды. «Ауылда туған ақындар ауылда күн кешеді» деген ұғымды қалыптастырды. Осынысы дұрыс болған секілді, ол ауылда ақындар галереясын жасақтады, ақындар гвардиясын құрды. Аспандағы бұлттардан айшуақ ой, астарлы пікір түйген ақын Аманқос Ершуов өлеңдері алаш жұртының адуынды ақыны Қасым Аманжоловтың сарынымен сабақтас, екпінімен ерулес. Аманқос ақынның жырлары қыннан шыққан қанжардай жүйрік, Атыраудың атан жығар желіндей екпінді, Жемнің ақшағылын емірене сүйіп, есіле ағатын ағысындай жанға жайлы. Өлеңінің ішкі қуаты мен сыртқы шуағы қатар түсіп, құйрық-жалы сүзіліп қатар ағатын жігері Қасымның қылыш-жырына қайралғандай әркез серпінді де сергек. Басқалардан гөрі Қасымға жақын қаламгер ағамыз өмірден өткелі қырық күнге таянды. Ақын жырлары жүректерден өшпек емес. Жылыойға қарай қанатын қомдаған сағыныштың жел қанатына байланған осынау үшбу тілек ақ парақтарға құйылып, ақша бұлттардың көшіне еріп, атажұрт – Ақкиізтоғайыма қарай самғап барады. Бұлттанушы бұйрабас ағам аруағыңмен қорғай жүр…

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner