Өзге ағым өзегіңді өртемесін

Қазіргі таңда түрлі діни ағымдардың пайда болуы адамзаттың сана-сезімін улап, адасушылығына себеп болып отыр.

Әлемдік діндердің атын жамылып, теріс бағыт-бағдар беретін діни секталар да аз емес. Мұның нәтижесі адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынастың бұзылуына, мемлекеттер арасындағы саяси қақтығыстарға, қоғамдағы үйлесімді тіршіліктің ауытқуына әкелді. Осы мәселеге орай жастардың рухани-имандылық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық Ақпараттық түсіндіру тобының мамандары ауданымызға арнайы келді. «Шапағат» қайырымдылық қорының өкілдері С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Ең әуелі, теолог маман Темірқұлұлы Шүкіріддін жастарды кездесудің мақсатымен таныстырды.

Теолог Сариев Сұлтанкелді кездесу барысында студент жастармен сұрақ-жауап алмасып, жат ағымның жетегінде кетуден сақтану керектігін айтты. Деректерге сүйенсек әлем бойынша террористік ұйымдардың саны 370-тен асады. Лаңкестік ұйым өкілдері өздерінің қатарын толықтыру үшін адамдарға 5 негізгі пункт арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Тілді бұрмалау, салт-дәстүрді ұстанбау, тарихты жоққа шығару, ата-анаға қарсы қою және мемлекеттің заңына бағынбау фактілері террористік ұйым өкілдерінің басты қағидалары болып табылады. Діни экстремизмдік топтар жақтастар және бөгделер (жаулар) деп 2 санатқа бөлінеді. Адамның осалдығы, діни сауатының болмауы және олармен ортақ қызығушылығының бар екенін байқатуы террористік топтарға қосылып кетудің басты принциптері болып отыр.

Лаңкестік ұйымдар 4 негізгі құрылымнан тұрады:

1.Идеологтар (Бұл арнайы оқытылған психологтар немесе уағыздаушы адамдар).

2.Террористік актілерді әзірлеушілер (әскери дайындықтан өткен адамдар).

3. Орындаушылар (адамдар).

4.Қаржылық көмек көрсетушілер.

Облыс бойынша «Жусан» операциясымен Сирия елінен туған жерге қайтарылған әйелдердің саны 29 болса, оның 2-еуі - жылыойлық. Діни адасушылықтың салдарынан бақандай 5 жылын Сирия елінде өткізіп келген Еркінбай Перизат та кездесуге қатысып, басынан өткерген азапты күндерін жастарға баяндады.

Кездесудің соңында аудандық Ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Ақылбек Нұрниязов сөз сөйлеп, ескерту жасады. Ол діни экстремизм және террористік бағытта әлеуметтік желілерде арандатушылық әрекетке баратын жеке тұлғалар үшін қолданылатын заң жүйесін және айыппұл көлемін экран арқылы көрсетті. Облыс әкімінің жоспарына сәйкес ұйымдастырылған кездесу ауданға қарасты өзге де колледждер мен орта білім беретін бірнеше мектепте өткізілді.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521