Ұлттың ұлылығы - қыздарында

Тәрбие - тал бесіктен

Ата-бабамыз қыз бала тәрбиесіне аса мән берген. Әуелі, анасы, одан кейін жеңгесі желкілдеп өсіп келе жатқан қыздың барлық іс-әрекетіне бақылау жасап, оғаш қылықтарына тыйым салып отырған. Одан қалса, бүкіл әулет «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұстанымда болған. Дана халқымыз қыз баланың бойына ертеңгі отанасына қажетті тәлім-тәрбиені сіңірген соң, пәк қалпында құтты орнына қондыруды абырой санаған. Өйткені «Ұлтты сақтап қалатын – әйелдер. Ұлт деген сөз – әйел деген сөз» (татар классик жазушысы Фаузия Байрамова). Ал қазіргі ахуалға қарап отырып, ұлтымыздың ертеңі не болар екен деп толғанамын.

Ерте жүктілік туралы республика, облыс, аудандық БАҚ-тарда тым жиі айтылуда. Өткен жылы ауданымызда 16 кәмелетке жетпеген қыз баланың жүкті болғаны туралы мәлімет жарияланды, «жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны» қаншама?! Нақты тыйым болмаса, лекция өткіздік, әңгіме айттық деп жүре берсек, бұл келеңсіздік көбейе берері анық. Бұл ұлттық тәрбиенің босаңсуы, тіпті осалсуы дер едім. Қазақта ұлан-ғайыр жерін сан ғасырлар сақтай білген темірдей тәртібі бар, мінезі, салты, дәстүрі, діні, тарихы, өмір сүру ерекшелігі бар.

Ұл-қыз тәрбиесін, жанұя бірлігін, ұйымшылдықты, ауызбірлікті қадірлеген, бірсөзді, біртілді, ақжүрек халықпыз. Әйтсе де осы қасиетіміз мемлекеттік заңымызда толық айқындалмаған. Заңдарымызды шетелдің озық үлгілеріне негіздегенімізбен, оның біздің менталитетімізге келетіні бар, келмейтіні барын ескергеніміз дұрыс. Мысалы, бескүндік оқу. Балалар бес күнде қысқа үзілістермен 6-7 сабақты топырлатып бір оқығанымен, сенбі, жексенбі күндері тынығып, сергіп, қалпына келуіне мүмкіндік жоқтың қасы. Спортқа барайын десе де, биге барайын десе де – қай-қайсы да ақылы. Бос уақытын тиімді пайдалана алмаған оқушы сосын қызықты басқа жақтан іздейді. Ата-ана жұмыс-жұмыс деп бала тәрбиесін назардан тыс қалдырады, әке ұлының, шеше қызының сырлас досы бола алмай жүр, олардың орнына ақылды көшенің адамы айтып, ғаламтор жөн сілтеп жүр.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, үлкендер ақты ақ, қараны қара деп ақылдарын айтып отырмағасын, қажетті жерінде тыйым салмағасын, оң мен солын танып үлгермеген ұл-қыз жамандыққа қарай қалай қадам басқанын байқамай да қалады. Негізінде, жоғарыдағы келеңсіздіктің бәрі ар-намысымыз бен ұятымыздың нашарлағанын көрсетеді. Осы келеңсіздік кең етек жаймауы үшін біз не істей аламыз?

Бүкіл елге сөзім жетпес, өз облыс, ауданымыздың әкімшілік, мектеп, ата-аналары осы мәселе тұрғысында бірігейік. Ұрпағымыздың болашағы үшін, қазақтың мүддесі үшін ойланатын, ұлттық тәрбиеге белсене кірісетін кез келді. Мен ардагер педагог ретінде ерте жүктілік мәселесінің алдын алу үшін өзімнің екшеген ұсыныстарымның тізімін беріп отырмын.

  1. 1. Аналар қыздарына жүкті болу жолдарын, одан қорғануды жас ерекшелігіне қарай ертегі, оқиға, әңгіме ретінде түсіндіруі керек.
  2. 2. Телефонын тексеріп, байланыстағы достарын анықтап, олардың аналарымен танысуы қажет.
  3. 3. Ата-ана баласын ашық сөйлесуге тәрбиелеуі керек. Ол үшін қателігіне ұрыспай, болуы мүмкін жаманшылығын түсіндіруі тиіс.
  4. 4. Мектеп жоспарында отбасы тәрбиесі, жетекшілер жоспарында қыздармен, ұлдармен жұмыс деп жалпылама айтылса, ата-ана үйтпе-бүйтпеден аспайды. Әр сынып сағатында ата-ана мен дәрігерді шақырып, тақырыпты ашық талқылау керек. Бұл үшін жоғары басшылықтан ұсыныс, тәртіп берілгені жөн.
  5. 5. Әкелер ұлдарымен осы бағытта сөйлесіп, тыйым жасауы керек.
  6. 6. Қыз баланы мәжбүрлеген, алдаған, зорлық көрсеткен баланы анықтап, оның ата-анасына сөгіс берілмесе, жұмысымыз оңалмайды.
  7. 7. Сынып, ата-аналар жиналысында республикалық, облыстық, аудандық мәліметті жетекшілер айтып тұруы керек. Жетекшіге басымдық беру себебім, аудандық дәрежеде қанша шара өтсе де, бұл барлық жасөспірім баланы қамти алмайды.
  8. 8. Мектеп білім заңы бойынша 9-10 бағытта жылдық жоспарын жасайды. Осы негізде әр сыныпта 9 бағытта айға іс-шара өтсін-өтпесін белгіленеді. Бес күнде 7 сабақ 40 минут, үлкен үзіліс 10 минут, қалғаны 5 минут, алтыншы күні бала келмейді. Сонда белгіленген шаралар қалай, қай уақытта, кіммен өткізіледі? Мұғалімнің мүмкіндігі жоқ. Бұған Білім министрлігі кінәлі.
  9. 9. Қалған уақытта аудан әкімшілігі, білім бөлімі болып жетекшіге қыз, ұл балалар тәрбиесіне басымдық беріп, нақтылы тақырыптарын белгілеп, ата-ананың, оқушылардың қатысуы туралы мәлімет алынса...
  10. 10. Бұл шарада басымдық ата-анаға берілетінін естен шығармау керек.
  11. 11. Аналар жасөспірім қыздарына болашақ ажырасудың алдын алу үшін тұрмыс құруға даярлық тәрбиесін жүргізуі керек. Бұл да қазақ үшін апатты жағдай екенін ұмытпау керек. 12. Әр мектептің ардагер зейнеткерлерін қатыстыруды мектеп директорларынан сұраймын. Ардагерлер қатысады деп сенемін.

Н.Төлеуов,

ҚР Халық ағарту ісі үздігі, Білім саласы ардагерлерінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521