Ұрпаққа үлгі болған ерлік

№9 мектепте «Ұрпаққа үлгі болған ерлік» тақырыбында «Ерлік сабағы» өтті.

Шараны мектеп ұжымы мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері ұйымдастырды. Кездесуге аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Аят Жүнісов, Ауған соғысының ардагері Нұрлан Тасболатов, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы Нұрберді Төлеуғожин және бір топ ардагер қонақ болып қатысты.

erlikrux20191

1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысқан. Ресми деректерге сүйенсек, сол армияның қатарында осы соғысқа Қазақстаннан қатысқан 22 мың адамның 900-ге жуығы жат елде қаза тапқан еді. Ерлікпен қаза тапқандар қатарында жылыойлық Болат Ербосынов пен Ерболат Омаровтар болатын. Ал қазіргі таңда ауданымызда Ауған соғысында болған 40-тан астам ардагер бар.

Нұрлан Тасболатов 1984 жылы Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Ауғанстан жеріндегі оқ пен оттың ортасынан бір-ақ шыққан еді. Ол барлаушылар ротасында өз борышын өтеген. Ардагер оқушыларға Ауған соғысы туралы айтып, өзінің әскери өмірін әңгімелеп берді. Ол өз сөзін «Елімізде тыныштық болып, ешқашан соғыс болмасын» деген тілегімен аяқтады.

-Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезең өз алдына мемлекет болып қалыптасып келе жатқан бірқатар елдерге ауыр тиді. Тәжік-Ауған шекарасы арқылы есірткі мен қарудың тоқтаусыз өтуі Тәжікстанға ғана емес, бұрынғы одақтан тараған бауырлас, көршілес елдердің де тыныштығына қауіп төндірді. Сол кезде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшыларының шешімімен шекараның Тәжік-Ауған аумағын қорғайтын біріккен күш құрылды. 1992-2001 жылдар аралығында 9 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда қазақстандық сарбаздар да қаза тауып, сарбаздардың көпшілігі жарақат алды,-деді «Ардагерлер одағы (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық қоғамдық бірлестігі Құлсары қаласы бойынша филиалының төрағасы Нұрберді Төлеуғожин.

erlikrux20192

Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағында «Орталық 2015» әскери жаттығуы кезінде суға кетіп қаза тапқан қазақстандық төрт сарбаздың бірі, "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған жылыойлық, №1 мектеп түлегі Асылжан Махамбетов болатын. Ол қаруластарын құтқарып, өзі ерлікпен қаза тапты. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Аят Жүнісов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері туралы әңгімелеп, әскери оқу орындарының артықшылығын түсіндірді.

erlikrux20193

Оқушылар ерлік, патриотизмге қатысты сұрақтар қойып, оған қонақтар жауап берді. Мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Асхат Болатовтың жетекшілігімен «Намыс» әскери-патриоттық клубының мүшелері уақытқа автоматты толық емес шашып-жинау, оқшантайға оқ салу өнерлерін көрсетті.

-Бұл әскери-патриоттық шараның негізгі мақсаты - күзгі шақыру кезінде әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің беделі мен имиджін көтеру,-дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкері Райхан Аяпова.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521