Биылғы өтетін ҰБТ-ның ерекшелігі қандай?

ҰБТ өткізу барысын арнайы жүктелген қосымша арқылы кез келген ата-ана бақылап отыруына болады.

Өткен 2019 жылдан бастап елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өтетін болып бекітілгені белгілі. Яғни мемлекеттік грантқа жол ашатын маусым айындағы емтихан сынағынан басқа түлектердің қаңтар, наурыз және тамыз айларында білім деңгейін көрсетуге мүмкіндігі бар. Бірақ соңғы үш тест емтиханы тек ақылы негіздегі білім ордасына түсуге құқық береді.

Осы секілді биылғы ҰБТ-ның да өзіндік өзгешелігі жоқ емес. Бұл жөнінде ауданға іссапармен келген Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының бөлім басшысы Баубек Әбдісадықұлы баяндап берді.

Оның айтуынша, биыл ҰБТ-ның ерекшелігі сол: еліміздегі барлық ҰБТ орталықтарындағы аудиториялар онлайн-жүйеге қосылған. Сондықтан ондағы жағдайды тек ата-аналар ғана емес, Астана қаласындағы министрлік өкілдері де бақылап, қадағалап отыра алады. Смартфон немесе басқа да шпаргалканың қызметін атқаратын құрылғыны жасырын алып кірген түлек кіреберісте ұсталса, емтиханға кіргізілмейді. Ал аудиторияда телефонмен қолға түссе, үстінен акт толтырылып, бірден шығарылып жіберіледі. ҰБТ кезіндегі барлық бейнежазба кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы комиссияның қарауына жіберіледі. Ондағы өкілдер әрбір аудитория жазбасын мұқият қарап, тексереді. Егер сол кезде жергілікті комиссияның көзіне ілікпей, тест сынағын смартфон немесе шпаргалка пайдаланып, жоғары балмен тапсырып кеткен түлекті анықтаса, онда елордалық комиссия сол түлектің ұпайларын жойып, жанындағы төмен балл алған оқушыға бергізеді. Өйткені, басқасын айтпағанда, өткен жылғы қаңтардағы ҰБТ-да емтихан тапсырған 35 мың түлектің 20 мыңының, яғни 60 пайызының смартфон қолданғаны анықталып отыр.

Жалпы Ұлттық тестілеу орталығының бөлім басшысының сөзінен ақылы негізде болса да ҰБТ тапсыруға ниет білдірушілер қатарының жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғардық. Демек, оған қойылатын талап та күшейе түспек. Ал мемлекеттік грантқа тапсыру кезіндегі тәртіптің қаталдығы өз алдына.

Баубек Әбдісадықұлы кейбір әлеуметтік желілердегі әлдекімдердің «Менде ҰБТ-ның жауаптары бар» деген жалған ақпаратқа алданып қалмауға шақырды. Өйткені ол мемлекеттік құпия болған соң, алдын ала ешкімге берілмейді. Ең дұрысы, ҰБТ орталығының арнайы сайтына, фейсбук, инстаграмм парақшасына кіріп, көкейде жүрген көп сауалға жауап алған жөн. Ал өзінің орнына өзге біреуді ҰБТ-ға кіргізіп жіберген түлектер анықталса, онда бір жыл бойына тест емтиханына жіберілмейтінін қатаң ескертті. Жалпы ҰБТ өткізу барысын арнайы жүктелген қосымша арқылы кез келген ата-ана бақылап отыруына болады. Егер бір түлектің телефон қолданып,тәртіп бұзып отырғанын көріп қалса, дереу шағым түсіріп, тиісті шара алғызуына мүмкіндік бар.

Алға қарай ҰБТ-ны онлайн-электронды түрде өткізу де жоспарда бар. Осы және басқа да жаңалықтармен бөліскен Б.Әбдісадықұлының сөзінен кейін кезек алған ҰБТО-ның Атырау облыстық филиалының директоры Айнагүл Дүйсекенова түлектер мен ата-аналарды Ұлттық бірыңғай тестілеуге жаңаша көзқараспен қарауға шақырды.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521