«Тұрғындарды қабылдау» күнінде: көп мәселе көтерілді

Аудан әкімі Азамат Бекет  аудан тұрғындарымен бірыңғай қабылдау күнін өткізді.

Аудан басшысымен бірге әкімнің орынбасарлары, дербес бөлім, атқарушы, құқық қорғау органының басшылары қарапайым халықтың көкейінде жүрген көп мәселесіне қатысты туындаған сауалдарға жауап берді. Алғашқылардың бірі болып Азамат Бауыржанұлының қабылдауына келген Құлсары қаласының тұрғыны М.Суханова немересін бірнеше жылдан бері балабақшаға орналастыра алмай жүргенін айтып, шағымданды. Оның айтуынша, «INDIGO Электрондық балабақша» жүйесіне еніп, күн сайын қарап отырса да бос орын таба алмаған. Өмірге келген жылы кезекке тіркелген оның немересі бүгінде үш жасқа толса да үйде.

«Өзім 55 жастамын. Жұмыссызбын. Жасым үлкейгесін ешқандай мекеме қызметке алмайды. Зейнет жасын 63-ке дейін созып қойды. Келінім - жас мұғалім. Ең болмаса сол жұмысқа шықсын деген ниетпен баласын балабақшаға берейін десем, орын жоқ. Енді екі жылдан кейін немерем мектепке барады. Кезегі келмесе, мектепке дейінгі тәрбие көрмей өтпек пе?»-дейді ол.

Тұрғынның сауалына орай аудан әкімі аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева түсінік берді. Құлсары қаласының «Мұнайшылар» ықшамауданының 131-көше тұрғындарының атынан келген О. Абдрахманова, С.Қалиева, К.Боранбаева есімді бір топ әйел адамдар тасжол мәселесін қозғады. Олар аудан әкімінің орынбасары Қаһарман Бағынов пен Құлсары қаласының әкімі Ернар Ысмағұлдың қабылдауында болып, өз ұсынысын алға тартты. Олардың айтуынша, өздері тұрып жатқан бір шақырымға жетер-жетпес көшенің бойы қар еріген, жауын жауған жыл мезгілінде мидай батпаққа айналып кетеді екен. Ондай кезде автокөлікпен жүру мүмкін емес. Ал көше тұрғындары арасында қариялар аз емес. Ауырып-сырқаса, «Жедел жәрдем» көлігінің келуі қиын, такси де бара алмайды. Сондықтан олар бұл жерге тасжол төсеу мәселесін кезек күттірмей шешуді талап етті. Тұрғындар өтінішіне сәйкес қала әкімі аталған көшені аяқтай барып қарап, нақты жауабын беруге уәде етіпті.

Өз аты-жөндерін газет бетіне жарияламауды сұраған екі жас жігіт көптен бері жұмыссыз жүргендігін айтты. Олардың айтуынша, аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелгеніне бірнеше ай болған. Аудан көлемінде өтіп жатқан жұмыссыздар жәрмеңкесіне, өзге де шараларға қатысып келіпті. Бірақ ешқандай мердігер мекемеден шақырту не жұмыс жөнінде ұсыныс түспеген. Екеуінің де отбасында үш бала бар. Жұмыс тәжірибесі жеткілікті. Бірінің қолындағы түйіндемеден осыған дейін біраз компанияда еңбек еткенін аңғардық. Бірнеше айдан бергі жұмыссыздық екі жастың жүйкесін жұқартқаны жабырқаған жүздерінен көрініп тұрды. Ендігі бар үміті аудан басшысында! Тепсе, темір үзер жігіттердің қос қолға бір кәсіп көзін таба алмай қиналғаны біздің де жанымызға қатты батты.

Ал Б.Қуанышева есімді әйел адам бірнеше жылдан бері бұрынғы күйеуінен алиментін толық өндіре алмай жүрген болып шықты. Аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің қабылдауында болған оның сөзінен үш баласының екеуі студент, кенжесі мектеп жасында екенін білдік. Оларды оқытып-тоқыту, асырау жалғызбасты анаға оңайға соқпай тұрғаны аңғарылды. Бүгінде балалары үшін алажақ ақшасы бір миллион жарым теңгеден асқан. Сондықтан ол аудан басшыларынан әлеуметтік көмек сұрай келіпті. Ә.Играшинұлы өтініш иесіне аудан әкімінің атына арыз жазуға ұсыныс берді.

Р. Қараманов пен Б.Бисенқұлов көшесі тұрғындарының атынан келген Қанат Қабақов есімді азамат қаладағы 4-учаскенің өздері тұратын бөлігіне шағын аяқдоп салу мәселесімен жүр екен. 2016 жылдан бері қала әкімдігінің табалдырығын тоздырған тұрғындар тілегі өткен жылы орындалуы тиіс еді. Алайда талапқа сай жер телімі болмаған соң жоспарға енбей қалыпты. Қ.Қабақовтың ендігі үміті - биылғы жылда. Қабылдаудан соң аудан басшылары аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік полиция ротасының бұрынғы ғимараты жанындағы ауланың көше жақ бетін тұрғындарға ашып, футбол алаңын сол жерден салуға уәде етіпті.

Құлсары қаласының тұрғыны Болат Мусиев те өз ауылдастарының мұңын жоқтай келіпті. Ол аудан басшысына өзі тұрып жатқан «Мешіт» ауылынан аудандық емханаға тікелей қатынау үшін Құрсай өзегінің үстімен жаяу көпір құрылысы салынса, көліктердің емін-еркін жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін осы емдеу мекемесі ауласының алдын кеңейтсе, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты «Мұнайшылар» саябағын қала тұрғындары үшін ашып, демалыс орнына айналдырса деген ұсыныстарын алға тартты. Ауыл азаматын орталық мешіт алдындағы алаңның тарлығы да алаңдатады екен. Әсіресе жұма күндері жамағат жұма намазына келгенде «Мешіт» ауылының тұрғындары автокөліктен аяқ алып жүре алмайды.

Әкімнің қабылдауына тек қала тұрғындары ғана емес, ауылдық округтегі ағайындар да ат арытып келді. Солардың бірі – Қосшағыл ауылы, Мұнайшы көшесінің 12-үй, №1 пәтер тұрғыны Мақсот Теміров деген азамат. Қолында аудан басшысының атына жазған өтініші бар. Ондағы жазбадан Мақсот ағамыз бен оның көршілерінің өткен ғасырдың 1935 жылы салынған ескі үйде тұрып жатқанын білдік. Кезінде мұнай-су айдау станциясының жатақханасы ретінде тұрғызылған баспана 90-жылдары жұмысшыларға тұрғын үй ретінде беріледі. Бірақ тозығы жеткен жатақ үйдің белдіктері бертін келе сына бастапты. 2017 жылы бір көршісінің бір бөлмесінің төбесі құлап, ортасына түскен. 2018 жылы ауыл әкімін әкеліп, көрсетіп, фотосуретке түсіріпті. Ол өз кезегінде үйді техникалық зерделеуден өткізуді тапсырған. Бірақ көршілердің қаражатының жоқтығынан маман шақыртуға мүмкіндігі болмапты. Сондықтан ел ағасы жасына жеткен азамат өз отбасындағы бала-келіндері, немерелерінің болашағын ойлап, аудан әкімдігінен баспана сұрай келіпті. Бірақ аудан басшысының қабылдауында да үйді апаттық жағдайда деп тану мәселесі қозғалды.

Жалпы «Тұрғындарды қабылдау» күніне 40-тан астам аудан тұрғындары келіп, өз өтініштерін, ұсыныс-пікірлері мен шешімін таппай жүрген мәселелерін аудан басшыларының алдына тартты. Оларды аудан әкімінен бастап, орынбасарлары, барлық бөлім басшылары жылы қабылдады.

Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521