Кенттегі су желілерін ауыстыру қажет

«Мекеменің су есептегіш құралын дүркін-дүркін ауыстыруды талап етуі халықтың қалтасына қол сұғып, қолдан ақша жасау емес пе?»

Жаңа Қаратон кенті әкімі Сансызбай Баймұратов былтырғы атқарған жұмыстарын тұрғындарға баяндап, алдағы жылы қолға алатын істерін тізіп шықты есеп беру жиналысында. Тұрғындардың сауалдары мен өтініштерін тыңдай отырып, кенттегі ең бір шешімін күтіп тұрған күрделі мәселе – спорт кешенінің қасындағы су жүйесінің жарылып, пәлен жылдан бері су кетіп жатуы екенін ұқтық. Тұрғын сауалына қатысты «Жылыойсу» мекемесінің кенттегі қызметкерінің айтуынша, су кетуін толық тоқтату үшін тұрбаларды түгел ауыстыру қажет болады. Ал оған жазда болмаса, қыста мүмкіндік жоқ екен. Оның айтуынша, әзірге стеклопластик тұрбаларды цементпен жамап, амалдап отырған көрінеді.

Су демекші, кент тұрғындары «Мекеменің су есептегіш құралын дүркін-дүркін ауыстыруды талап етуі халықтың қалтасына қол сұғып, қолдан ақша жасау емес пе?» деген күмәндарын ортаға салды. Бұған «Жылыойсу» мекемесі басшысы Берік Алагөзов су есептегіш құралдарының мерзімі болатынын, соған қатысты ғана ауыстыруды талап ететіндерін айтты.

Зейнеткер Ә.Бабасов мекемелердің ірі автобустары кенттің ортасын кесіп жүретінін айтып, мұның қаншалықты заңға сай екенін сұрады. Кент әкімі С.Баймұратов бұған қатысты тиісті мекемелерге хат жолданғанын, жауап күтіліп отырғанын қаперге берді.

Ал емхананың алдын асфальттау туралы сұраныс қаражат болса, жүзеге асатынына уәде етті. Ол кентке 33,4 км тасжолын төсеу жоспарда екенін, жобалық-сметалық жобасы дайын болғанын, ендігі қаражат мәселесі шешілсе, емхана алды асфальті сол жобада бар екенін айтты. Ал ішкі істер органы өкілі «Ірі автобустардың кент ішімен жүруіне қатысты мәселені ГАИ қызметкерлерімен саралап шешейік» деген ойын жеткізді. Спорт кешені қызметкері М.Қанаев кенттен әлемді мойындатқан чемпион шыққанын, ал сол Талғат Жұмағалиевтың өз баспанасы жоқ екенін қаперге берді. Отбасылы болса да, шүкіршілікпен туысының үйінде өмір сүріп жатқанын айта келе, «Спортшыға кенттен екі бөлмелі үй әперуге көмек болар ма екен?!» деген ұсынысын айтты.

Дегенмен аудан әкімі Азамат Бекет мұқтаж жандарға баспана кезекпен берілетінін, ал Талғат сияқты спортшыға пәтер әперу жайын ауданның менмін деген кәсіпкерлерінің жомарттығы арқасында шешудің бір жолы бар екеніне көп назарын аударды. Сонымен қатар Қаратоннан Ленин орденді қайраткерлер, үздік ұстаздар, атақты депутаттар шыққанын айтқан М.Қанаев «Қазіргідей «Бастау», «Тастау» сияқты атаулардан гөрі осы еңбегі сіңген жандардың есімін көшеге берсе» деген ойды жеткізді. Кент әкімі қазір мораторийге байланысты көшелерге адам атын беру тоқтатылғанын, ал кейбір көше атауына қатысты кеткен қате тұстар жөнделетінін айтты.

Зейнеткер Қ.Аманбаев көше жарығы жоқ жерлерде тұратын балаларға кешке мектептен үйге қайту қиындық әкелетінін айтса, Гүлімай Тоқсанбай көп жылдардан бері өзі тұратын көшеде не көше жарығы, не жол жоқ екенін айтып, жаяу жүргіншіге де, көлікке де қиын ойдым-ойдым жолдың зардабын тартып жүрген сол жердегі тұрғындардың «осы мәселе шешілсе екен» деген аманатын жеткізді. Кент әкімі осы және өзге де мәселелер алдағы жасалатын жоспарға енгенін мәлімдеді.

С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521