Инвесторды жемқордан қорғау жеңіл емес

Өткен аптада «Кең Жылыой» мәдениет үйінде аудан кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Онда «Protecting business and investments» (Бизнес пен инвестицияларды қорғау) жобалық кеңсесі туралы түсінік берілді. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Бағыновтың айтуынша, бұл жобаның мақсаты кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, шетелдік және отандық инвесторлармен жүзеге асырылып жатқан немесе жоспарланған инвестициялық жобаларды лауазымды тұлғалар тарапынан орын алатын сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен қорғау болып табылады.

«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» Атырау облысы бойынша өңірлік басшысы Ержан Колбаев кәсіпкерлерге жобалық кеңсе туралы кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өңірімізде шетелдік және отандық инвесторлармен жүзеге асырылып жатырған және жоспарланған инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу, осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары бағытында облыс аумағындағы инвесторлар мен кәсіпкерлермен тығыз жұмыс атқарылып отыр. Соның бірі - шетелдік және отандық инвесторларды лауазымды тұлғалар тарапынан орын алатын сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен қорғау мақсатында Агенттіктің бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау (Protecting Business and Investments)» жобасы. -Осы жобаның аясында Агенттіктің тапсырмасына сәйкес БАҚ өкілдерінің қатысуымен ағымдағы жылдың шілде айында Атырау қаласы, Құлманова көшесі, 111 мекен-жайында инвесторлардың мәселелерін шешу мақсатында құрамы АО «KAZAKH INVEST» өкілдерінен тұратын кеңсе ашылды. Осы жоба аясында департаментпен 171 млрд 109 миллион 900 мың теңгенің 13 жобасы бойынша инвесторлармен келісім жасақталды. Жобаның атқарылуы барысында 2018 жылдан бастап, осы уақытқа дейін кәсіпкерлер тарапынан мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне қатысты 17 өтініш келіп түсіп, оның 15-і қанағаттандырылып, кәсіпкерлердің құқықтары толығымен қорғалды. Атап айтсақ, 2018 жылдың 2 қазанында «Теплый дом Атырау» ЖШС-нан Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне қатысты жобалық кеңсеге өтініш келіп түсіп, материал жинақталып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) Атырау облыстық департаментімен Мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметіне Экономикалық тергеу қызметіндегі тергеушілердің іс-әрекеттерінің заңдылығың тексеру үшін жолданды. Нәтижесінде онда заң бұзушылықтар анықталып, кемшілікке жол берген 2 тергеушіге тәртіптік жаза қолданылды. Осылайша құзырлы органдармен жүргізілген қылмыстық іс тоқтатылып кәсіпкердің құқығы толықтай қорғалды. Сондай-ақ «Алмалы құс» ЖШС директоры В.Пац мал шаруашылығын субсидиялау мәселесі бойынша департаментке өтініш түсірген болатын. Қазіргі уақытта аталған мекеменің мал шаруашылығын субсидиялау мәселесі шешіліп, серіктестік тарапынан оң баға берілді. Атап өткен жөн, осы жоба аясында кәсіпкерлердің өтініштерінің негізінде заң бұзушылықтарға жол берген 3 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға, 1 мемлекеттік қызметші әкімшілік жазаға тартылды. Қорытындылай келе, «Protecting business and investments» жобалық кеңсесі Атырау облысындағы кәсіпкерлер мен инвесторларға нәтижелі көмек көрсетуде,-дейді Е.Колбаев. Жаңа жоба бастап жатқан кәсіпкерлер жобасын бастамай тұрып, «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» кеңсесіне келіп, келісімге отырғаны абзал екені түсіндірілді.

Кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы жетекшілері мал бағу үшін жер алу және кәсіпкерлердің құқын қорғау мәселесіне орай сауалдар қойды. Жер телімін алу жөніндегі сауалдарға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Ағыраев толықтай түсінік берді. Ал аудандағы кәсіпкерлер құқын қорғауға қатысты аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қ.Мыңбаев, Кәсіпкерлер палатасының Жылыой ауданы филиалының өкілі А.Нұрмаштар жауап берді.

Қ.Дүйсенбетов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521