Онлайн-қарыз алғанда мұқият болыңыз!

Кредит алу туралы шешім - жауапты шешім!

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кредит беруді Қазақстан аумағындағы екінші деңгейдегі банктер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) Ұлттық Банкіне есептік тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады. Сондай-ақ банктерге де, микроқаржы ұйымдарына да жатпайтын, қызметін жүзеге асыру үшін лицензия немесе өзге де рұқсат талап етілмейтін кредиторлар бере алады. Лицензиясы бар банктердің және тіркеуден өткен МҚҰ тізімімен Ұлттық Банктің сайтындағы «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінен танысуға болады.

Банкке де, МҚҰ-ға жатпайтын кредиторларға толығырақ тоқталсақ. Мұндай кредиторлар өз қызметін Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Кодекс) ережелеріне сәйкес жүзеге асырады. Көпшілігі қарызды онлайн режимінде береді (онлайн компаниялар). Ондай онлайн компаниялар өздерін «микроқаржы ұйымдарымыз» деп атап, азаматтарды жаңылыстырады.

БІЛУ МАҢЫЗДЫ! Қазіргі кезде Ұлттық Банк қарыздарды, соның ішінде онлайн режимінде беретін және банктер мен МҚҰ-ға жатпайтын кредиторлардың қызметін реттемейді. Қарыз алушылар ондай онлайн компаниялардың әрекеттеріне қатысты шағымдармен тек сотқа ғана жүгіне алады.

Онлайн компаниялар қарыз алушыларының құқығын қорғау мақсатында кодексте жеке тұлғаларға берілетін несиелерге байланысты мынадай негізгі шектеулер қарастырылған. Ол Азаматтық кодекстің 718-бабы 1-тармағының екінші бөлігі мен 725-1-бабындағы талапта көзделген:

- қарыз шартында қамтылуға тиісті қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 100%-дан аспауға тиіс;

- төлемнің мерзімін өткізгені үшін тұрақсыздық айыбының мөлшері мерзімін асырып алған әр күн үшін мерзімі өткен төлемнің сомасынан 0,5 пайызға аспауы қажет, бірақ берілген қарыз сомасынан жылына 10%-дан аспауға тиіс;

- қарыздағы артық төлемнің шекті мөлшері берілген несиенің сомасынан аспауға керек;

- осы шектеулер, сондай-ақ Кодекстің 725-1-бабы 1-тармағының өзге де талаптары сақталмаған жағдайда қарыз шарты маңызсыз деп танылады.

Кодекстің 725-1-бабының талаптары 2018 жылғы 16 шілдеде қолданысқа енгізілді. Бұл шектеулер оған дейінгі жасалған қарыз шарттарына жүрмейді.

Қарыз шартындағы талаптар заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, қарыз алушы оны сот арқылы маңызсыз деп тануға құқылы.

Бүгінгі таңда жекелеген онлайн компаниялар азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігін, сондай-ақ қарыз алушының мұқият көңіл аудармайтынын пайдаланып, шартта қарыз алушы есебінен негізсіз баюға мүмкіндік беретін талаптар қояды. Мысалы:

- қарыз шартында ұсынбағаны үшін айыппұл салынатын, қарыз алушының міндеттемесін қамтамасыз ету үшін кепілгер немесе бірнеше кепілгер туралы деректер ұсыну қажеттілігі туралы талап көзделеді;

- әлеуетті клиенттерді табатын үшінші тұлғалардың қызметі үшін қарыз алушыдан комиссия алады, онлайн компаниялар үшін қарыз шартын ресімдейді. Осындай онлайн компаниялардың кодекс ережелерін теріс пайдаланып кетпеуін болдырмау мақсатында қазіргі уақытта Ұлттық Банк заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігін талдау үстінде.

Кредит алу туралы шешім – жауапты шешім! Сондықтан кредитті қайтару қарыз алушы үшін кредитормен айтыс-тартысқа және бүлінген кредиттік тарихқа айналып кетпеуі керек. Ол үшін, ең алдымен:

- кредиттің қаншалықты қажет екенін бағалау;

- өз кірістері мен шығыстарын ескере отырып, өзінің қаржылық мүмкіндіктерін есептеу;

- кредитке жұмсалатын шығыстың өсіп кетуі мүмкін жақтарын болжай отырып, өз мүмкіндіктерін талдау қажет;

- кредит алудың борыштың негізгі сомасын (кредитордан алынған сома) шартта белгіленген мерзімде қайтару, сондай-ақ кредитті пайдаланғаны үшін сыйақы, комиссиялар мен басқа да төлемдерді төлеу міндетінен тұратынын түсінуі;

- қарыз шартын мұқият оқуы керек.

Ш.Мырзағалиева,

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Атырау филиалының қаржы қызметтерін,

тұтынушылар құқығын қорғау және қаржы ұйымдарын бақылау бөлімінің бас маманы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521