Мәселе үшжақты комиссияның назарында

Өткен аптада аудан әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Оны аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова жүргізіп, Теңіз кенішіндегі мекемелерде жалақы көтеру мәселесі тыңдалды. «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС өкілі Юрий Бакаев өз баяндамасында мекемеде барлығы 4900 адам жұмыс жасайтынын айтты. Оның 4264-і Теңіз кенішінде қызмет етеді екен. Теңіздегі жұмысшылардың 70 пайызы жылыойлықтар көрінеді. Ол биыл мекемеде жұмысшылардың жалақысы 6 пайызға өскенін, ал асханада жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысы 35-40 пайызға көтерілгенін айтты. Дегенмен, қазіргі кезде аудан тұрғындары арасынан аспазшы мамандығы бойынша адам таба алмай отырғандарын айтты.

Аспазға 14 күндік вахталық әдіспен 110 мың теңге жалақы төленеді. Комиссия мүшелерінің алдағы жылы жұмысшылардың жалақысын өсіру мәселесіне орай қойған сұрағына мекеме өкілі бұл әлі жоспарланбағанын, алдағы уақытта жалақы көтерілген жағдайда қосымша ақпарат берілетінін жеткізді.

«Арктик Экуипмент Қазақстан» ЖШС өкілі Аманжол Сағынтаевтың берген мәліметі бойынша, мекемеде барлығы 440 адам жұмыс жасайды. 2017 жылы жалақы 8,5 пайызға, ал 2018 жылы 7,1 пайызға өскен. Мамыр айында ұжымдық өтініштер негізінде жалақыны қайта қарау жүргізіліп, орташа есеппен 20 пайызға, оның ішінде төмен жалақы алатын қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға өсірілген. Консорциум «ISKER» ЖШС-нің өкілі Сәуле Амангелдиева қазіргі кезде компанияда жұмысшыларды қысқарту жүріп жатқанын айтты.

Бүгінде 763 жұмысшы қысқартылған. Оның 383-і Атырау облысынан көрінеді. Мекемеде әлеуметтік әріптестік тараптарының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілеу мақсатында 2016 жылы ұжымдық шарт жасалып, Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында мониторингтен өткен. Ұжымдық шарттың орындалуын бақылау үшін әрбір тараптан 3 өкілден, 6 адамнан тұратын ұжымдық шарттың орындалуын бақылау жөніндегі комиссия құрылған.

Аудан әкімінің орынбасары басқа компаниялар да ұжымдық шарт жасауды қолға алу керектігін жеткізді. Комиссия мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, тиісті жауаптар берілді. Комиссия мүшесі Бауыржан Абдрахманов баяндама жасаған мекеме өкілдерінің жыл сайынғы 6 мен 7,1 және 8,5 пайыз аралығындағы жалақының өсірілуі ол инфляцияға байланысты міндетті өсім болып саналатынын түсіндіріп өтті. Сондықтан оны жалақыны өсіру деп айтуға болмайтынын жеткізді. Жиналыста аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Серік Қамидолла аталған комиссияның биылғы жылы атқарған жұмыстары туралы есебін баяндап өтті.

–«Іскер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесінде Жылыой ауданы бойынша 72 адам жұмыстан қысқарған. Халықты жұмыспен қамту орталығына 27-сі тіркеліп, оның 15-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Аудан бойынша жалпы 773 мекеме бар, оның ішінде Теңіз кенішіндегі мекемелер саны -138. Жыл басынан бері ауданда 4221 жаңа жұмыс орыны ашылып, 8 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған 1984 жұмыссыз қатысып, оның 756-сы тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы биылғы жылы ауданның мекемелері мен ұйымдарында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің, басқа да заң талаптарының өрескел бұзылуы, әлеуметтік шиеленіс туғызатын мәселелер болған жоқ. Қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерінің қамтамасыз етілуі аудан әкімдігінің үнемі назарында, – дейді С.Қамидоллаұлы.

Қ.Дүйсенбетов.

Оцените материал
(0 голосов)
Авторизуйтесь, чтобы получить возможность оставлять комментарии

Күнтізбе

« Қаңтар 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет