Ажырасудың алдын алатын заң

Өткен жылы сот өндірісіне түскен 1703 талап арыздың 15,2 пайызын, ал биылғы 10 айдағы 1220 талап арыздың 19,6 пайызын неке бұзу жөніндегі істер құраған екен.

Бұл ретте талап қоюшылардың басым көпшілігі 19-50 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар болса, ара-тұра 50-ден асқан, жігіт ағасы жасынан жоғары азаматтар да кездесіп жатады. Бұл жөнінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиаторлар кеңесінің «Отбасылық-тұрмыстық қақтығыстарды шешу үшін бітімдестіру рәсімдерін қолдану тәжірибесі» тақырыбында өткен кеңейтілген мәжілісінде аудандық соттың татуластыру рәсімін үйлестіруші судьясы Арайлы Балмұқанова мәлім етті.

-Қоғамды құрайтын отбасы десек, бүгінгі сот өндірісінде отбасылық даулардың көбеюі алаңдатады. Өкінішке орай, онда бірінші болып неке бұзу жөніндегі істер көш бастап тұр. Некенің бұзылуына түрткі болып жататын себептер әртүрлі. Ер-азаматтардың жұмыссыздығы, отбасының алдындағы жауапкершілігін сезінбеуі, ішімдік ішіп, құмар ойындарын ойнап, жүріске түсуі, әйел адамға қол көтеруі болып табылады. Дегенмен, шаңырақтың шайқалуына әйелдердің де кінәлі болып жататын деректері кездеседі, - дейді судья.

Әрине, оңай үйлене салып, үй болып кету мәселесіне келгенде жұбайлық өмірдегі қиындықты бірге бөлісе алмай жататын жұбайлар жұбы азаймай тұр. Қазіргі таңда елімізде «Медиация туралы» заңның қабылданып, оның қолдану аясының кеңи түсуі қоғамның осы бір кеселімен күресте таптырмайтын құралға айналып отыр. Айталық, өткен жылы аудандық сотта неке бұзу туралы 108 азаматтық іс медиация туралы келісімді бекітумен аяқталған болса, биылғы 10 айдың өзінде 101 іске медиаторлар араласып, екі жақ татуласқан. Бұл дегеніңіз – ерлі–зайыптылар арасындағы дау бітімгершілікпен бітіп, көптеген отбасы өз ошағының отын сөндірмей сақтап қалды деген сөз.

Бұл орайда медиаторлардың атқаратын рөлі зор.Судья Арайлы Балмұханованың айтуынша, қазіргі таңда ауданда 9 кәсіпқой емес, 2 кәсіпқой медиатор жұмыс жасайды. Ортақ мәселеге судья-медиаторлар да араласып кетіп жатады екен. Олар әңгіме барысында ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптыларды мұқият тыңдап, медиацияның артықшылықтарын түсіндіреді.

-Бүгінде дауларды тиімді шешудің бір амалы ретінде медиация жүйесі қолданылып келеді. Жалпы медиация дегеніміз - кез келген даулы мәселені бітімгершілікпен шешу. Бұл - қазіргі сот жүйесіне аса қажетті тәсілдің бірі. Бұдан соттың да, сотталушы мен соттасушының да жұмысы жеңілдейді. Дұрыс қолдана білсе, екі жақ та ерікті түрде бір мәмілеге келері сөзсіз. Түптеп келгенде, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар үшін келісімге келудің ізгі жолы деуге болады. Халықаралық статистикаға сүйенсек, барлық даулардың 40 пайызы медиация рәсімінен өтеді. Оның 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Өркениетті елдер медиацияға әлдеқашан көшкен. Онда көптеген даулы мәселе медиатордың араласуымен реттеледі. Ендеше, «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дау қуады» дегендей, өркениетке ұмтылған қазақ медиацияның мүмкіндігінен құр қалмағаны абзал. Бұл - әсіресе қоғамда белең алып бара жатқан ажырасудың алдын алу үшін таптырмайтын тетік, - дейді аудандық соттың татуластыру рәсімін үйлестіруші судья Арайлы Балмұханова.

Е.Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521