Апалы-сіңлілі палуан қыздар

Әдетте жасөспірімдер арасында өтетін күресте көбіне-көп ұлдар жағы күш сынасып жатады емес пе?! Бірақ бұл жолы боз кілемдегі белдесуге ер балалармен бірге тұлымшағы желбіреп қос қыз шыға келгенде жанкүйерлер жеңіске жетер деп үміттенбеген болуы керек. Алғашқы айқаста-ақ мықтымын деп келген қарсыластарын жерге алып ұрып, арқасын жерге тигізгенде жұрт қайран қалғанын жасыра алмай шу ете түсті. Сөйтіп, бір емес, екі бірдей ер баланы жеңіп, жеңімпаз атанған қыздың бірі 1-орынды, екіншісі 3-орынды қанжығасына байлады. Арнайы диплом мен кубокпен марапатталды.

Әрине, бастапқыда біз оларды егіздер деп ойлап қалдық. Бойлары бірдей, өздері бір-бірінен аумайды. Сөйтсек, апалы-сіңлілі Айтжановалар, үлкені Шаттық 2005 жылы, ал сіңлісі Мереке 2007 жылы туған екен. Қаладағы №21 орта мектептің оқушылары.

Біз оларды кейін Құлсары қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен кезекті жаттығу үстінде кезіктірдік. Екеуі де бір жыл жарымнан астам уақыт дзюдо күресімен айналысады екен. Бір қызығы, жаттықтырушысы да қыз бала болып шықты. Атырау қаласында туған, Құлсарының келіні – Жаңылсын Көптілеуова.

–2016 жылы жазда Рио-де-Жанейрода дзюдо күресінен өткен әлем чемпионатында қазақстандық Елдос Сметов барлық қарсыластарын жеңіп, чемпион атанды. Біз сол ағамыздың боз кілемдегі белдескен өнерін теледидардан тамашаладық. Оның мықтылығына тәнті болып, біз де сондай чемпион болсақ деп армандадық. Күрестің осы түрімен айналысуға бел будық, – дейді Шаттық пен Мереке.

Жаттықтырушысы Жаңылсын Көптілеуованың айтуынша, қос қыз спорт мектебіне өздері келген. Мезгіл сәуір айы еді. Ол – уақыт оқу жылы аяқталар кезең. Бұл кезде қабылдамаса да болар еді, бірақ болашақ шәкірттерінің талабын таныған жас жаттықтырушы бүлдіршін қыздардың тауын қайтара алмады. Екеуімен жеке-жеке жұмыс жасап, бұрыннан жаттығып келе жатқан балалардың қатарына қосты.

Жыл жарымның ішінде Шаттық та, Мереке де түрлі турнирлерге қатысып, бақ сынап үлгерді. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Айталық, биылғы мамыр айында Доссор поселкесінде өткен турнирде Шаттық 3-орынды иеленсе, қыркүйекте облыс орталығында Атырау қаласы күніне орай ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде Шаттық 2-орынды, ал Мереке 3-орынды жеңіп алды. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына байланысты біздің ауданда да жасөспірімдер арасында облыстық біріншілік өткені белгілі. Міне, осы дүбірлі додадан апалы-сіңлілі палуан қыздар да шет қалмады. Онда 34 кг салмақ дәрежесінде күрескен Мереке барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, 1-орынды қанжығасына байлады. Арнайы дипломмен, бағалы сыйлықпен марапатталған білекті қыз біріншіліктің алтын алқасын мойнына тақты. Бұл балғын спортшының туған күніне тарту етілген үлкен сыйлық іспеттес болды. Өйткені ол 9 мамырда жарық дүние есігін ашқан еді. Жеңіс күнінен апасы да олжасыз оралған жоқ. Ол 3-орынды жеңіп алды.

Айтжановаларды спортшылар отбасы деуге болады. Олардың апасы Қарлығаш пен 6 жастағы інісі Құдайберген осы спорт мектебінің таэквондо үйірмесінде жаттығады. Жаттықтырушы апайлары болашағынан зор үміт күтіп отырған апалы-сіңлілі Шаттық пен Мерекеге біз де алға қарай сәттілік тіледік.

Ербол Қошақанов.

Видеолар

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет