Қос жауынгерге арналған ашық турнир

Биыл төртінші рет аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының ұйымдастыруымен оларды еске алуға арналған ерлер арасында волейболдан ашық турнир өтті.

Жаңа Қаратон кентіндегі спорт кешеніне қос интернационалист жауынгердің суреті ілінген. Онда жиналған Болат пен Ерболаттың туыстары, Ауған соғысы ардагерлері суреттегі қайсар көздерге мұңая қарайды. Турнирдің кең көлемде ұйымдастырылып жатқаны көрініп тұр. Оған мықты деген командалар жиналған. Алдымен, ашылу салтанаты өтті. Оған республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы орынбасары Еркін Бақтияров, Атырау облысы Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов, Құрманғазы ауданы Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Айжарық Сақташев, Қызылқоға ауданы Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Нұрман Мәжек пен Ауған соғысы ардагерлері қатысты. Ойынға сақадай-сай дайын тұрған командалар «Қызылқоға», ««Компас Қазақстан» (ESS)», «Ардагер», «Жылыой», «Ауған соғысы ардагерлері» шақырылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалды.

Алғашқы сөзді Жылыой аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов сөйлеп, соғыста болған қос азамат жөнінде айтып өтті.

-Болат Ербосынов 1961 жылдың 21 мамырында Құлсары кентінде туған. 1979 жылы А.С.Пушкин атындағы орта мектепті бітірген жас жігіттің өзге жастар тәрізді асқақ арманы бар еді. Бірақ оның алдында өзі мақсат еткен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу міндеті тұрды. Сөйтіп, 1980 жылдың 26 қарашасында КСРО Қарулы Күштер қатарына шақырылған ол 1981 жылдың тамыз айынан бастап Ауғанстанда жауынгерлік борышын өтей бастайды. Өкінішке орай, жиырмадан асқан жас жігіттің өмірі қысқа болды. Сол жылдың 15 желтоқсанында әскери міндетін өтеп жүрген Болат жат жерде жау қолынан қаза тапты. Бүгінде туған қаласы Құлсарының бір көшесі Болат Ербосыновтың атымен аталады. Ал Ерболат Омаров 1961 жылдың 14 қыркүйегінде Құлсарыда дүниеге келген. 1977 жылы бұрынғы А.Н.Островский атындағы орта мектептің 8 класын тәмамдап, СПТУ-84 (қазіргі Сафи Өтебаев атындағы мұнай-газ колледжі) оқу орнына түсті. Оны ойдағыдай бітірген соң, еңбекке араласып, Құлсары автобазасында өз мамандығы бойынша жұмыс жасады. 1980 жылдың мамыр айында Ерболат КСРО Қарулы Күштерінің қатарына шақырылды. Жауынгерлік жолын Украинаның Харьков қаласында бастаған ол әскери оқу-жаттығудан өтеді. Арада алты ай өткенде Ерболат қызмет атқаратын құрама сарбаздары Ауғанстанға аттандырылған. Отан алдындағы интернационалдық борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Ерболат Омаров 1981 жылдың 7 қазанында кезекті кескілескен ұрыстардың бірінде қаза тапты. Бүгінде Ауғанстан жерінде әскери антына адал болып, азаматтық борышын өтеу кезінде көз жұмған Ерболат Омаровтың атында Құлсары қаласында көше аты бар. Осындай ардақты қос азаматқа қандай құрмет көрсетсе де артық болмас деп ойлаймын. Волейболдан аудандық ашық турниріміз құтты болсын, - деп қатысушыларға жеңіс тіледі.

Сонымен қатар, Атырау облысы Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов сөз сөйлеп, тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырып жатқан азаматтарға ризашылығын жеткізді. Атырау облысы бойынша 782 адам қатысқан соғыста 13 жауынгер қаза болғанын, оларды тек осындай игі істер арқылы халық болып еске алатынымызды күрсіне айтты.

2 күнге созылған жарыс сөзсіз тартысты өтті. Алғашқы болып алаңға шыққан командалар - «Жылыой» мен «Ардагер» өздерінің осал емес екендіктерін бірден көрсетті. Жалпы барлық командалар жарысқа жақсы дайындықпен келіп, жеңіске деген құштарлықтарымен ерекшеленді. Ойыншылар спорт бәсекесінде өзара мәдениеттілікті сақтап, жоғары деңгейде өнер көрсете білді.

Жабылу салтанатында турнирді қорытындылаған Досан Әділов барлық командаларға ризашылығын жеткізді:

-Қымбатты қонақтар мен қадірменді турнирге қатысушылар! Халқымызда «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Ауғанстан жерінде әскери антына адал болып, азаматтық борышын өтеу кезінде көз жұмған Болат пен Ерболаттың рухтарына арналған бүгінгі турнир алда да жалғасын табады деп ойлаймын. Өйткені, олардың өмір жолдары біздің мәңгі жадымызда сақталады. Данышпандарымыз «Адамның қанша өмір сүргендігі емес, қанша іс атқарғандығы маңызды» дейді. Сондықтан Болат пен Ерболатты артында ізгілікті із қалдырған азаматтар деп білеміз, - деп жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттады.

Айналым ережесі бойынша сынға түскен «Компас Қазақстан» (ESS) мен «Жылыой» командасы финалда кездесіп, қарсыласын ойсырата ұтқан «Компас Қазақстан» (ESS) командасы 1-орынды қанжығасына байлады. Оған аудандық ашық турнирдің кубогі мен 300.000 теңге табыс етілді. 2-орынды иеленген «Жылыой» командасына 200.000 теңгенің сертификаты табысталды. Ал 3-орынды жеңіп алған «Ауған соғысы ардагерлері» командасына 100.000 теңге берілді. Сондай-ақ, Ринат Қарымсақов «Ең үздік ойыншы» атағына ие болса, Ринат Рифков «Ең үздік шабуылшы» болып танылды. Есмұхан Кажкенов «Ең үздік қорғаушы» мен Жұмабай Молдашұлы «Ең үздік үйлестіруші» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамы төрт үздік ойыншыларға арнайы 10.000 теңгелік сыйлық табыс етті.

-Бұл – 26 жылдық тарихы бар аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының кезекті шарасы. Мұндай шаралар келесі жылы да жалғасын таппақ. Алдағы уақытта тек турнир ғана емес, Болат пен Ерболаттың құрметіне жас спортшылар арасында түрлі жарыстарды да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ал волейболдан аудандық ашық турнирді өткізуде демеушілік көрсеткен аудан азаматтары Келбатыр Құлғазиев, Бауыржан Әбдірахманов, Бақтығали Раисов, Мұрат Ерешев, Қамалбек Бектелеуов және Азамат Құлжановтар болатын, - дейді Досан Әділов.

П.ҚИЗАТОВА,

Суреттерді түсірген: Ж.Шаңқанова.

Видеолар

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет