Нұргүлдің нұрлы ән кеші

Аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйіне жиналғандар алдымен күміс көмей, жез таңдай әнші Нұргүл Жұмағалиеваның орындауындағы «Ақсұңқар» әні әуеніне жіберілген бейнероликті тамашалап, әнші орындаған «Ауылым» әніне сүйсіне қол соқты.

Жүргізуші Гүлмира Қаналиева құттықтау үшін сахнаға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаевты шақырды.

- Жылыойдың бұлбұл үнді әншісі, дүлдүл термешісі Жұмағалиева Нұргүл Серікқызының «Ақсұңқар» атты ән кешіне қош келдіңіздер, салихалы концерт болса Нұргүлді шақырамыз, салмақты өнер сайысы болса Нұргүлге үміт артамыз. Нұргүл талай сайыс, байқауларда аудан, облыс намысын қорғап, абырой биігінен көрінді. Ән аспанындағы жарық жұлдыздарымыздың бірі Нұргүл Серікқызына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз! – деді ол.

Құттықтаудан кейін Нұрбай Нұрханұлы Нұргүлге аудан әкімінің алғыс хатын және бағалы сыйлықтар табыс етті. Кезек әнге беріліп, Нұргүл халық әндері «Шымыр» мен «Жылойды» әуелетті. Одан кейін жүргізуші Нұргүлдің өмір жолымен және шығармашылық табыстарымен таныстырды:

Жылыойдың ән сүйген қызы, бүгінгі кешіміздің бұлбұлы Нұргүл Жұмағалиева 1986 жылы 30 қазанда Атырау облысы, Жылыой ауданы Сарықамыс поселкесінде дүниеге келді. 2012 жылы №11 Сарықамыс орта мектебінің 9 сыныбын аяқтап, Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжіне оқуға түсті. 2008 жылы аталған оқу орнын аяқтап, сол жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға қабылданып, 2013 жылы аяқтады. Қазіргі таңда Құлсары қаласы, №2 балалар саз мектебінде «Халық әні» бөлімінің меңгерушісі және мұғалімі, мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі. Өнер жолындағы жетістіктеріне тоқталып кетсек: 2004 жылы Атырау қалалық термешілер сайысында ІІ-орын, 2011 жылы Аралбай Оңғарбекұлы атындағы сайыста І–орын, 2012 жылы республика көлемінде өткізілген «Ел іші – өнер кеніші» фестивалінің дипломанты, 2013 жылы Құлсары ата және Құлсары қаласының қала күніне арналған өнер сайысында термешілер арасында І–орын иегері, 2013 жылғы аймақтық М. Мөңкеұлы атындағы жыршылар сайысында бас жүлде иегері.

Кешті Нұргүл «Бұлбұлым», «Ақжайық», «Айнамкөз», «Әнші даусы», «Айжан-ай», тағы басқа тамаша әндермен жалғастырды. Өнегелі ұстаз Нұргүл ондаған шәкірт тәрбиелеп, өнер көгіне қанат қақтырды. Олардың біразы облыстық, республикалық жарыстардың бас жүлдесін иеленді. Ұстазының шығармашылық кешінде шәкірттері Абзал Нұрланұлы, Нұртілеу Шоқанұлы, Керей Жандарбек, «Нұршапағат» ансамбль өнер көрсетті.

Құттықтау кезегі берілген Нұрдәулет Ақназаров Нұргүлді әдеби-шығармашылық «Дарын» бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапаттап, «Бақай» корпорациясының қаржылай сыйлығын тапсырды. Кеш қонақтары Бақытбек Сәрсенов, Айбек Қабыланбек, Дәмелі Сарова жиналғандарға әсем әннен шашу шашты. Құттықтау кезегінде №2 саз мектебінің бұрынғы директоры, ұстаз Әлімжан Шоматұлы Әбілханов Нұргүлге ұжымның қаржылай сыйлығын табыс етті.

Сахнаға көтерілген Нұргүлдің анасы Қанзиба: - Ән сүйер қауым! Бүгінгі кешке уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін аналық рахметімді айтамын! Нұргүлім ән салуға кішкентайынан құмар болды. Теледидардан ән салынса, отыра қалып тыңдайтын. Жалпы, бұл өнер оған нағашы апасы Фаузиядан жұғысты болды-ау деймін, ол кісі жүзден асса да әдемі, биік дауысын әлі күнге дейін жоғалытқан жоқ, - деді. Әуелеген әсем ән одан әрі жалғасып, кеш үш сағатқа созылды.

Н. Адаев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521