Аудандағы шаруалардың мерейлі сәті

Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы – өмір сүрудің бір бөлшегі. Мемлекет қолдауымен жыл сайын аграрлық сектор қарқынды даму үстінде.

Ауылшаруашылығының дамуы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы саланың дамуындағы оң өзгерістерге қол жеткізуге, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету қауіпсіздігіне лайықты үлес қосуға өз септігін тигізуде. Аудан көлемінде мал басының өсуі және одан алынатын өнімнің де көлемі жыл сайын өсіп келеді. Жақында «Кең Жылыой» мәдениет үйінде ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Еңбек ер атандырар» атты салтанатты кеш өтті. Концерт Жайна Нұрханованың орындауында Е.Хасанғалиевтің «Ауылым» әнімен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Жантөре Рашев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, «Мұнайлы» шаруа қожалығы жетекшісі Мейрамгүл Төлендиева, «Әсер» шаруа қожалығы мүшесі Асхат Бахуов, «Мұрат» шаруа қожалығы жетекшісі Ғани Оразбаев, «Атанақ» шаруа қожалығы жетекшісі Сембай Ізбасов, «Елнұры» шаруа қожалығы жетекшісі Алпыс Асауовқа аудан әкімі Азамат Бекеттің атынан алғысхат табыс етті.

Аудан өнерпаздары сахнада ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Ұлттық киім киген «Ұшар», «Жем аруы» халықтық би ансамблі бишілері мың бұрала би де биледі. Салтанатты кеште аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов құттықтау сөз сөйлеп, ауылшаруашылығы саласының ардагерлері Қалиталы Бисеналиев, Талап Нұрғазиев, Аман Ұлғатаев, Абдрахман Сартаевтарды «Ауыл еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Сонымен қатар «Бірлік» шаруа қожалығы жетекшісі Ізбасар Қарабалиев, Майкөмген ауылдық округі ветеринариялық пунктінің мал дәрігері Мұхиден Молдақұловтарға алғысхат табыс етті. «Мұрат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғайни Оразбаев аудан шаруаларына көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді. Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік кеш Әлібек Темірхановтың орындауында «Жылыой» әнімен қорытындыланды.

Қ.Нұртайұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521