«Жұрт сенбеген істі ақиқатқа айналдырдық»

Орталық базар алдындағы көшелердің сәулетіндегі өзгерістерді байқап жүрген боларсыз. Алқам-салқам дүңгіршектер алынып, орнына заманауи үлгідегі жаңа бутиктер салынуда. Бұл жобаның авторы – жылыойлық жас сәулетші Құдайберген Ізтілеуов.

-Алдымен, жас сәулетші ретінде қаламыздың келбетіне қандай баға берер едің?

-Бұған дейін Құлсары қаласының сәулеті туралы пікірім жақсы емес болатын. Ал қазіргі таңда аудан әкімдігінің қала сәулетіне көп көңіл бөлуінің арқасында өзгерістер болып жатыр. Бұлай жанданудың тағы бір себебі: ауданда шағын кәсіпкерліктің дамуы әсерінен бәсекелестік пайда болуда. Яғни кәсіпкерлер сапаға, әдемілік пен өзгешелікке көңіл бөліп келеді. Бірақ «Өй, Құлсарыға осы да жетеді» деп кері ойлайтын, қаржысы бола тұра талғамсыз құрылыс салатындар әлі де бар. Уақыт өте келе ол ойдың келмеске кететініне, сапалы және сәулетті құрылыстар болатынына, халықтың өз қаласы үшін талғамды нәрсені басқадан талап ететініне сенімдімін әрі сол мақсатта жұмыс жасап келемін.

-Орталық базар маңы ретке келіп жатыр. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде «Кейбіреулерге ертегідей болып, сенімсіздікпен қараған жобам іске асуда» депсің.

- Жобаны әлеуметтік желіге салған кезде көп адамның біздің студияға «ертегі айтады» деген пікірлерін естідім. Олай айтуларына себеп өте көп, өйткені менің сәулет студиям қала үшін бұрыннан қаншама идея ұсынды, көбі қараусыз қалды. Біз, яғни «Iztileuov & Partners Company» халықтың талғамынан шығатын, сәулетті, жанға жайлы қала болуы үшін күресіп келеміз. Кейбіреулерге ертегі болса, біз үшін сол ертегіні шындыққа айналдыру мақсат.

Орталық базар орналасқан көше Құлсары халқы үшін көптен бері «бас ауруы» болып келген. Талғамсыз салынған құрылыс, тар жол, бітпейтін кептеліс, жүргіншілерге арналған жолақтың жоқтығы, автотұрақтың болмауы халық көп шоғырланатын орынның мәселесіне айналған еді. Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айбек Жалелов сол маңдағы кәсіпкерлермен кездесіп, жобамызды бірге таныстырғанбыз. Жоба бойынша, ескі дүңгіршектер алынып, соның арқасында жол кеңейіп, автотұрақтар салынады. Жаңа бутиктер қаз-қатар біріктіріледі. Жоба кәсіпкерлер мен қала халқы үшін де өте тиімді болады. Кәсіпкерлер жобамды мақұлдап, құрылыс сәтті басталды. Аудан әкімшілігі мен кәсіпкерлердің ойларының бір жерден шығуы осындай мәселелердің шешуіне себепкер болды.

-«Жас қаланы көркейтсек» деген арманыңды әлеуметтік желіге салған түрлі жобаларыңнан байқаймыз. Соның ішінде іске асып жатқандарын атап өтсең.

-Құрылғанымызға 1 жыл ғана болды. Көптеген қызықты жобаларымыздың құрылысы бастала қойған жоқ. Қазіргі кезде аяқталған жеке тұрғын үйлерден басқа 3 шығармашылық жобам бар. Соның бірі - «қошқар мүйіз» оюға ұқсас ғимарат. Ғимарат 2 қатарлы, сыртқы келбеті "қошқар мүйіз" оюы тәріздес пішінделіп салынған. Кеңсенің жиналыс залындағы мекеменің таңбасы бейнеленген үлкен шеңбер тәріздес терезеден түскен күн сәулесі кеңсенің көп бөлігін толықтай жарықтандырады. «Үлкен қағаз» минимализм стилінде салынған «Алфа центр» оқу орталығы да - менің жобам. Ғимараттың сәулет философиясы, негізінен, "ақ қағаз","таза, жаңа өмірге бет бұрыс, "бір жаңа істің бастауы» дегенді білдіреді. Себебі, оқу орталығына келген студент немесе оқушы өзінің білімін шыңдауды, басқа тіл үйрену арқылы алдына қойған өз жоспарына жетуді, өзін жаңа қырынан дамытуды мақсат етіп келетіні сөзсіз. Артық затсыз, қарапайым минимализм стиліндегі ақ қағаздай ғимаратқа Қадыр Мырза Әлінің "Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!" деген өлең шумағы ойып жазылды. Үшінші жобам - «Гүл көмкерген аялдама». Қазіргі кезде аялдамалар темірмен ғана қапталған сәнсіз, жайсыз. Ал егер оны кәсіпкерлік мақсатта пайдаланса, әр аялдама өзінше түрленіп, қалаға сәулет қосар еді. Тапсырыс беруші гүл сату кәсібімен айналысатындықтан, жобаны сол жанрда жасадым.

-Сенің ауданымыздағы Дүйсеке ата мешітін қайта жандандыру жұмысына атсалысқаныңды білеміз. Сол жөнінде әңгімелеп берсең.

-Бұл мешіт мемлекет қорғауында болғандықтан мешіттің жобасы тарихи архитектурасын сақтай отырып, сызылды. Мешіттің сәулеті туралы 1959 жылы шыққан А.Марғұлан, Т.Басенов, М.Мендіғұловтың "Қазақстан архитектурасы" (Алматы, 1959) кітабында жазылған. Біз жобаламас бұрын сол тарихи кітаптарды қарап, ақпарат жинақтадық. Бұрынғы үлгісін бұрмаламай, өз қалпына келтіруге тырыстық. Мешіт 6 күмбезді құрылыммен салынған. Бұл - біздің ауданымыздағы күмбез-шатыр ретінде салынған алғашқы мешіт. Мешіт салу, тарихи орынды қорғау, ол - бәріміздің міндеттіміз. Ал «Дүйсеке ата» мешітін тарихи сәулетін қалпына келтіре білген мешіт дей аламын. Осындайда сәулетшілердің кеңесіне жүгініп, оны ұйымдастыра білген, тарихи мешіттің сәулетінің өмірін ұзартуға себепші болған Марат Өмірзақовқа алғыс айтқан жөн.

-Қала архитектурасына көп үлес қосқың келеді. Арманың бар, мақсатың бар. Ал оған қолдау бар ма?

-Мақсат айқын. Қазір сәулет саласынан бөлек, инновацияға көп көңіл бөлгім келеді. Аудандағы мәселенің бірі – тазалық. Қаржыны шешімі бар идеяға салу керек деп ойлаймын. Қарапайым көшедегі қоқыс жәшігіне көп қаржы кетірмей, оны модернизациялауға болады. Ол бойынша біздің жобамыз бар. Ауданның даму жолындағы істерімізге қолдау табамын деген ойдамын.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: П.ҚИЗАТОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521