Кәсіпкерді не ойландырады?

Ауданымызда кәсіп ашып, оны дамытамын деген жандар көп. Бірақ кәсібін дөңгелетуге келгенде түрлі мәселелер кедергі келтірмей қоймайды.

Оған аудан әкімі Азамат Бекеттің кәсіпкерлермен өткізген ашық сұхбатында куә болдық. Көкейінде сұрағы, айтатын ұсыныстары бар шаруалар ашық алаңға қарай ағылды. Сондай-ақ, шараға аудан әкімінің орынбасары Жантөре Рашев, аудан әкімі аппараты басшысы Әнуар Шәкіров, «Нұр Отан» партиясы Жылыой ауданы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сайлаубай Таласов, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қ.Мыңбаев, Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының Жылыой ауданы филиалының директоры Е.Төлендиев, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары, кәсіпкерлер қатысты.

Алдымен, аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы сөз сөйлеп, бүгінгі ашық сұхбаттың мақсатын айтып өтті: -Шағын және орта кәсіпкерлік жаңа жұмыс орындарын құру мен салық түсімін көбейтіп, экономиканы тұрақтандыруда шешуші рөл атқарады. Сіздердің проблемалық мәселелеріңізді шешу, сонымен қатар бизнесті дамыту мен қолдау бойынша ұсыныстар талқылау және кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға қолайлы жағдай жасау – бүгінгі біздің мақсатымыз. Бірлесіп атқарған істің ғана нәтижесі болатыны белгілі. Жергілікті атқарушы органдар өңірде кәсіпкерліктің өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай жасауға әрқашан дайын,-дей келе кезекті кәсіпкерлерге берді.

Жылыойлық шаруалардың үнемі бірінші көтеретін мәселесі – жер телімі. Бұл күні көпшілігі мал мен егіншілік шаруашылығына жер сұраса, енді бірі жер теліміне дайындаған құжаттарының бітіп болмайтынын айтып, шағымданды. К.Қазиев, «Мереке» шаруа қожалығы: -Бірнеше жылдан бері ауылшаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысып келемін. Жем өзенінің бойынан бос жер бар екенін білемін. Ол жер Құлсары қаласының бас жоспарына сәйкес, шекарасымен айналып өткен. Шаруашылығымды кеңейту мақсатында жер учаскесін алып беруге көмектесуіңізді сұраймын.

Г.Кенжебекова, жеке кәсіпкер: -2018 жылдың сәуір айында ауылшаруашылығын дамыту мақсатында жер алуға өтініш бердім. Жер аукцион арқылы ұйымдастырылып, құжатым түгел емес деп кері қайтарылды. Не үшін құжатым дұрыс болмады, түсіндірме берсеңіз. Н.Бисенбаева, жеке кәсіпкер: -Осыдан үш жыл бұрын аукционмен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жер алған болатынмын. Жер учаскесінің мерзімінің өтуіне байланысты ұзартуды сұраймын.

Бұған жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Ағыраев пен «Жер кадастры ҒӨӨ» департаментінің Жылыой ауданы бойынша бөлімшесінен А.Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Жер кодексін қаперге ала отырып жауап қайтарды. Л.Бердіғалиева, жеке кәсіпкер: -Қосшағыл ауылдық округінен дүкен салуға мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы шағын несие алған болатынмын. Құрылыс жұмыстары аяқталды. «Жылыойгаз» мекемесі газ жүйесін іске қосу үшін 900 мың теңге көлемінде қаражат сұрап отыр. Осы мәселені шешіп беруді сұраймын.

З.Сабырғалиева, жеке кәсіпкер: -Мен 2016 жылы Қаржылай қолдау қоры арқылы ауылдан наубайхана ашуға 6000,0 млн теңге несие алып жұмыс жасап жатырмын. Наубайхана құрылысы аяқталды, қажетті құрал-жабдықтар алынды, газ, жарық жүргізілді. Енді пешке орта қысымдағы көгілдір отын қосу жұмысы үйлеспей отыр. Енді «Жылыойгаз» мекемесі жеңілдетіп 1600,0 млн теңге қаражатын 12 айға немесе 18 айға бөліп төлеуге келісім берсе. Қазіргі таңда наубайхана жұмысы жүрмей тұр. Өзімнің несием бар, газ шығыны бар, 6 айда төлеуге мүмкіндігім жоқ. Осы мәселеге көмек сұраймын.

Бұл сауалдарға «Жылыойгаз» ЖШС директоры Ғалым Жақаш газ жүйесіне төленетін қаражатты бөліп төлеу үшін бір мүмкіндігін қарастыратынын айтты. Ал жеке кәсіпкер А.Шудабаева 1-ықшамаудандағы көпқабатты үйдің астында дүкені бар екенін, кезінде жеке жылу қазандықтарын алдыртқаннан кейін жылусыз қалғанын айтып шағымданды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Е.Ысмағұл қолданыстағы заң шеңбері бойынша оған жауап қайтарды.

«Беркад» ЖШС директоры А.Жұмалы «Беркад» базарына өртке қарсы қызметтік автокөлік кіруіне қолайлы болуы үшін көше жақ бетіне жол өткелін өткізуге рұқсат сұрады. Сондай-ақ маусымдық бау-бақша өнімдерін сату үшін кәсіпкерлерге базар сыртынан орындар берілгенін, бірақ олар отырған жерін таза ұстамайтынын айтып, ренжіді. Аудан әкімі Азамат Бекет орталық базарға өзі арнайы барып, аралайтынын айтты. Ал жол өткелін жүргізу мәселесі алдағы уақытта шешілетін болады. «Карат-Нұр» ЖШС-нан келген Ш.Қалиева нан өнімдерін шығарғаны үшін мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған ба деген сұрақ қойды. Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Қуатбаев ұнға субсидия берілмейтінін жеткізді.

Гүл сатумен айналысатын жас кәсіпкер Н.Орынбасаров орынды жалға алып отырғанын, дүкен қаланың шеткі ықшамауданында орналасқандықтан кәсібіне тиімсіз екендігін айтты. Қаланың орталық көшесіндегі аялдамалардың бірінен орын, болмаса, уақытша жер телімі берілсе, жаңа заманауи талапқа сай әдемі дүңгіршек қоятынын жеткізді. Оған сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Жалелов былай жауап қайтарды: -Ағымдағы жылдың мамыр айында өткен ашық сұхбатта осы мәселе көтерілген болатын. Орталық көшедегі аялдамалар кезінде жекеменшікке беріліп кеткен. Осы жылдың жаз айында Құлсары қаласы әкімімен бірлесіп 3 ықшамауданнан жер учаскелерін шығарып, кәсіпкерге ұсынған болатынбыз. Алайда кәсіпкер ол жерден бас тартып отыр.

Шара соңында Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының Жылыой ауданы филиалының директоры Е.Төлендиев ұсыныс айтты. -Кәсіпкерлік мәселелер бойынша жедел топ, сондай-ақ кәсіпкерлік мақсаттағы жер мәселесін шешу үшін агралық зона құрылса, мұндай мәселелердің қатары азаяр еді,-дейді ол. Әрбір кәсіпкердің әңгімесін мұқият тыңдаған аудан әкімі А.Бекет айтылған мәселелер оң шешімін табуы үшін жұмыстанатынын жеткізді.

П.ҚИЗАТОВА,

Суреттерді түсірген: Ж.Шаңқанова.

Видеолар

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет