«Кең Жылой» газетінің алғашқы саны 1933 жылдың 4 қазанында жарық көрді. Ол кезде латын алфавиті қолданыста болатын. Ауданымызға танымал ақын, ұстаз, шежіреші Жанаш Нұрмаханның айтуы бойынша, аудан халқы бұл жаңалықты қуана қарсы алған. Марқұм Жанаш ата сол кезде жасөспірім бала екен, алғашқы санын қолға алып оқығанын айтқан еді. «Сатсыйалды ауыл» деген атаумен сол кездегі аудан орталығы Жылой кентінде дүниеге келген тұңғыш басылым Қазақ республикасының 13 жылдығымен тұспа-тұс келді. Өйткені, ол уақытты республика күні 4 қазанда атап өтілетін. Оның ең алғашқы санына редактор Төлеген Мұханбетов қол қойды. Баспахана құралдары Гурьевтен түйе арбамен жеткізілген-мыс.

Ал 1937-ші шілде айынан бастап газет «Социалистік ауыл» жаңа атпен шыға бастады. Бұл атауы 1952 жылға дейін сақталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында газет Ұлы Жеңісті жақындата түсуде ерекше роль атқарып, жылыойлықтардың жауға деген өшпенділігін оятып, бұқара халықпен қоян-қолтық араласуы айырықша айқын көрінді.

1952 жылғы қаңтардың екінші жартысынан бастап аудандық газет бірнеше жылдар бойына «Коммунизмге алға, Вперед к коммунизму» деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде шығарылды. Ал 1965 жылдың 1 маусымынан бастап аздаған үзілістен кейін «Ембі» деген жаңа есіммен қайта жарық көрді. Бұл Жылыойға Мақат ауданының қосылған мерзімімен тұспа-тұс келді. Міне, осы кезде газетке бас редактор болып, ақын, танымал журналист Тәжібай Текеев келген болатын. «Ембі» атанған аудан айнасы ұзақ жылдар бойына еңбектің қайнаған ортасындағы еңбек адамының шынайы бейнесі сомдады.

Журналист ағалардың бейнеті мол еңбегі лайықты бағасын алып «Ембі» газеті 1972 жылы Ульянова атындағы Бүкілодақтық бірінші

сыйлықтың лауреаты атағына ие болып, 1 дәрежелі дипломымен марапатталды. Ал 1972 жылы социалистік жарысты үздік бейнелегені үшін Бүкілодақтық байқаудың жеңімпазы ретінде «Журналист» журналының бірінші дәрежелі Құрмет дипломын иеленді.

1991 жылдың шілде айынан бастап газет өз оқырмандарына «Кең Жылыой» деген атпен тарала бастады. Бұл уақытта «Кең Жылыойдың» журналистер сапы жас қаламгерлермен толықты. Теңіз төсіндегі дүбірлі еңбек, өнеркәсіптің өркендеуі, ауыл шаруашылығы тақырыбымен қатар, экология мәселесі батыл көтеріліп, қайта оралған дініміз, діліміз, ана тіліміздің мәртебесін көтеру, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жандандыру, жаңғырту, ұлт мерейі тәрізді тың тақырыптарға орай маңызды материалдар жарық көре бастады.

Газеттің бірінші нөмерін шығарған тұңғыш редактор Төлеген Мұханбетовтен бастаған сара жолды жалғастырған Дүйсенғали Анайысов, Құлшар Жақсылықов, әсіресе Ұлы Отан соғысы кезіндегі газетте редактор болған Неталы Ерғалиевтің, бұдан кейінгі Сүндет Ерғалиев, Дініш Жолмұқанов, Дәуіт Артығалиев, Сәдуақас Байтауов, Рахым Алмағанбетов, Тәжібай Текеев, Ғилымғали Сайханов, сондай-ақ, ұзақ жылдар Муңал Далбаев, 10 жалдан астам басқарған Болат Дәулетов пен соңғы жылдары редакторлық қызмет атқарған Қаржау Оразбаев пен Әбдіхалық Сисенбердиевтің есімдерін атаймыз. Сонымен қатар «Кең Жылой» газетінің шекпенінен шыққан, марқұм Қуаныш Ержанов, Жәрдем Тайыпов, Кемелхан Ыбыраев сынды ұмтылмас тұлғалар, облыстық «Атырау» газетінің ауданымыздағы меншікті тілшісі болған, аса талантты журналист Бағытжан Бозданов, Махамбет аудандық «Жайық» шұғыласы газетінің бас редакторы болған Сайлаубай Тәжбентаев, ақын Айтуар Өтегенов, бірнеше жылдар аудандық «Алау», «Көкжиек-Горизонт» газетінде бас редактор болған Айтқали Бекетов, өзге де журналистер есімдерін мақтанышпен атаймыз. Табанда суырып салып, өлең жолдарын

төкпелейтін ақын Тементай Әділханов жазу үстелі әлі күнге ортамызда ойсырап тұр. 40 жылдан астам жауапты хатшы болған, газетке бар өмірін сарп еткен Сапарбек Сәрсеновке көзі тірі кезінде ауданның Құрметті азаматы деген атты алып бере алмай-ақ қойдық. Қонаш Қалдыоразов, Нұрдәулет Ақназаров сынды ағалар ортада жүрсе, Қаржаубай Сұлтанғалиев ағамыз дәл бүгін – 5 желтоқсанда 70 жасқа толды.

Газет тірегі- штаттан тыс тілші. Бұл ретте ұзақ жылдан бері талмай қалам тартып, «Кең Жылойдың» ыстығына күйіп, суығына бірдей тоңып келе жатырған Роза Есенғожина, Меңдібай Хайруллин, биыл өмірден өткен марқұм Нұрлыбай Қуат тәрізді белсенді оқырмандар мен авторлардың аттары айрықша атауға тұрарлық.

«Кең Жылой» газеті бүгінде жаңа заманауи офсеттік әдіспен шығарылады. Газет тиражы әлденеше есе көбейіп, 1000 данадан 9000 данаға дейін жетті, алдағы уақытта бұдан жоғары мөлшерде тарату көзделіп отыр. Газет бүгінгі талапқа сай безіндірілуі жақсарып қана қоймай, материалдары сапалылығы жағынан артып отыр. Бұған журналистер қатарының жас мамандарымен толығуы да өзіндік әсерін тигізбей қойған жоқ. Бүгінгі озық БАҚ әлемінде 85 жылдық тарихы бар «Кең Жылойдың» да аты асқақ естілуде. Жылыой ауданы халқы «Кең Жылойды» сүйіп оқиды, өйткені бұл басылым- киелі топырақтың тарихы мен дәстүрінен тамыр алған басылым. «Кең Жылой» көсілген шексіз де шетсіз даланың бозторғайы тәрізді оны талмай жырлай бермек.

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет