Ауруханадан да ауру жұғады

Ауруханаішілік жұқпа - бұл науқастың ауруханада емделуі барысында өз сырқатынан басқа сырқатты жұқтырып алуы.

Көбінесе үш тәуліктен аса мерзімде дамыса немесе ауруханадан шыққан соңғы үш тәулік бойында байқалса, бұл ауруханаішілік жұқпа ретінде қарастырылады.

Медицина қызметкері жұмыс істеу барысында қандай да бір жұқпалы аурумен ауырып қалуы да осы топқа жатады. Науқас тек ауруханада ғана емес, сонымен қатар басқа да емдеу мекемелеріне ем алу немесе тексерілу мақсатымен баруы кезінде де ауруханаішілік жұқпаны жұқтырып алуы мүмкін.

Ауруханаішілік инфекциялар(АІИ) барлық елдерде тіркеледі, қазіргі кезде күрделі мәселе тудыруда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметтері бойынша, емдеу-алдын алу мекемелеріне медициналық көмек алуға келген науқастарың 6-7%-ы АІИ ауырады. Операциядан кейінгі жараның инфекциялары, босанудан кейінгі инфекциялар, жергілікті іріңді-септикалық инфекциялар, сепсис, жедел ішек инфекциялары, гепатит В және С, қызылша, ЖИТС (СПИД) – осының бәрі ауруханаішілік ортада берілетін аурулар.

АІИ науқастарға ауру адамдар мен медицина қызметкерінің қолы, ауысым киімдері, аяқкиімдері, қоздырғыштар жұққан құрал-саймандар, медициналық аспаптар, ішкиім, төсек-орын жабдықтары, ауруларға күтім көрсетуде қолданылатын заттар, құйылатын қан және қан алмастырушы заттар, парентералды жолмен енгізуге арналған ерітінділер, тігетін және таңатын материалдар, стерильді емес және концентрациясы жеткіліксіз дезинфекциялаушы заттар, түтік сүңгілер, науқастардың биосубстраттары (қан, нәжіс, зәр, қақырық, шырышты қабықшалардың бөлінділері) арқылы жұғады.

АІИ-мен көбінесе дамуында кемістіктері бар, жаңа туған және шала туған балалар, тұншығу жағдайында туылған, босану кезінде жарақаттанған балалар, қарт адамдар, созылмалы аурулары бар науқастар, иммундық тапшылық тудыратын вирус (ВИЧ) жұққан адамдар, гепатит В және С-мен ауыратын науқастар ауырады. Мұндай адамдар жақсы күтімнің, күрделі хирургиялық операциялар жасаудың, белсенді емдеудің арқасында сауығуы мүмкін, бірақ, олардың ағзасы инфекциямен жақсы күресе алмайды.

АІИ хирургиялық науқастардың операциядан кейінгі сауығу ағымын, жүктілік кезеңінің, босануының және босанғаннан кейінгі кезеңінің өтуін асқындырады, жаңа туған балалардың және басқа жас топтарындағы аурулардың өлім-жітімі көбеюінің себебі болады. Жүрекке, бүйрекке, өкпеге және басқаларға өте жақсы жасалған операциялардың өзінде инфекцияның қосылуы, негізгі ауруының ағымын шұғыл асқындырады, өміріне қауіп тудырады.

АІИ-ды инъекциядан кейін, операция, босану, қан құю, эндоскопиялық тексеру, трансплантация жасау, гемодиализ процедуралары кезінде жұқтыру мүмкіндігі жоғары.

Соңғы жылдарға тән, дәрілік препараттарды парентералдық жолмен енгізу, қан және оның құрам бөліктерін құю, қуыстарға пункция жасау, сүңгімен тексеру сияқты медициналық әрекеттер ауру адамдарға да, медицина қызметкеріне де ауруханаішілік инфекция жұғуының себептерінің бірі болып табылады.

Сондықтан да, медициналық қызметке жүгінген уақытта қосымша ауру жұқтырмай келуіңіз үшін ең бірінші ғимарат аумағының (бөлімшелерінің) тазалығына, қызметкерлердің ауысымдық жұмыс киімінің толық болуы, үнемі бір реттік қолғаппен жұмыс жасауына, процедура жасаған кездегі шашы мен тырнағының жинақылығына назар аударып қана қоймай, стерилді құрал-жабдықтарды пайдалануына көз жеткізіп, төсек-жабдықтың тазалығына, бөлімшеде ауаның желдетіліп тұруына, күнделікті бөлме ішіне ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізуіне, су келіп тұрған қол жуу орындарына да назар аударыңыздар. Ауруханадан да ауру жұқтыруға болатынын естен шығармайық!

Н.ЖЕКЕНОВА,

Жылыой аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы.

Видеолар

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет